Қазақстандық, әлемдік рейтингте 112-орында тұрған Зарина Дияс Чикаго WTA 250 турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Іріктеу сайыстарының 4-ракеткасы болып тіркелген Дияс алдымен рейтингте 448-сатыдағы ұлыбританиялық Эден Силваны 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 254-ракеткасы, оңтүстіккореялық На-Лэ Ханьмен күш сынасты.
Дияс сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта 5:7, 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол бәсеке барысында 13 брейк-пойнттың 10-ын пайдаланды. Қарсыласы 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Теннисшілер бірде-бір эйс жасаған жоқ.
Осылайша Зарина негізгі жарысқа жолдама алды. Чикаго WTA 250 турнирі 23-30 тамыз аралығында өтеді. З.Диястың негізгі додадағы қарсыласы кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 292-орындағы Анна Данилина Кливленд (АҚШ) WTA 250 додасында бақ сынайды. Оның қарсыласы – әлемнің 130-ракеткасы, америкалық Кэти Макналли.