24 там, 2021 сағат 01:53

Зарина Дияс WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады


Қазақстандық Зарина Дияс Чикаго WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 110-орында тұрған Дияс алғашқы айналымда әлемнің 57-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен күш сынасты.

Бірінші сетте франциялық спортшы басымдылық көрсете білді – 6:2.

Тартысты өткен екінші партия барысында Зарина брейк-пойнттар ғана емес, сетболды да мүлт жіберді. Ақыры тай-брейкте Младенович жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

2 сағат 12 минутқа созылған бәсекеде Дияс 3 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 2 эйске қоса 10 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.

Младенович екінші айналымда рейтингте 361-сатыдағы канадалық Франсуа Абандамен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде әлемнің 65-ракеткасы, черногориялық Данка Ковиничті ұтып кетті.

Жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын Чикаго додасы 30 тамызда мәреге жетеді. Бұл – «Үлкен дулыға» турнирінің бірі US Open алдындағы соңғы жарыс.