10 мау, 2020 сағат 14:50

Заңсыз балық аулаудан Қазақстан бюджеті 40 млрд теңгеден қағылып отыр

Балық саласындағы өткір проблема – балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы. Мәселе жайлы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев кеңінен айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономикада балық шаруашылығы маңызды рөл атқарады. Былтыр 45 мың тонна балық ауланды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 23 пайызға жоғары. Салада 11 мың адам жұмыс істейді. Елімізде балық өсірумен 180 балық шаруашылығы айналысады. Онда 1 мыңнан астам (1126) адам жұмыс істейді. Тауарлық балық өсіру көлемінің өсімі байқалады. Былтыр 6,9 мың тонна балық өсірсе, бұл 2018 жылғы деңгейден 19 пайызға жоғары. Осы жылға жоспар – 7,8 мың тонна», - деді Мағзұм Мырзағалиев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халыққа онлайн есеп беру барысында.

Министр өткен жылы балықты қайта өңдеу нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн АҚШ доллары болатын 30 мың тонна өнім экспортталғанын, бұл 2018 жылғы деңгейден 16,6 пайызға артық екенін мәлім етті.

«Балық саласындағы өткір проблема – балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы. Ол балық өндірудің орташа жылдық көлемінен 5 есе артық. Балық айналымының барлық процесін цифрлау қажет. Балық шаруашылығын көлеңкеден шығару салық салу базасын 40 млрд теңгеге арттырады. Каспий теңізінің ресурстарын игеру есебінен отандық нарық көлемін 66-дан 120 мың тоннаға, балық аулау 45-тен 60 мың тоннаға, ал балық өсіру 7-ден 60 мың тоннаға дейін ұлғайтудың жоғары әлеуеті бар», - деді ол.

Осыған байланысты қазіргі уақытта министрлік балық саласын ұзақмерзімді дамыту үшін инвестициялар тартуға және жұмыс орындарын құруға ықпал ететін саланы субсидиялау бойынша бірқатар заңнамалық шараларды пысықтап жатыр.