Елордада онлайн форматта өткен «Абай және адамзаттық гуманизм» атты халықаралық форумда Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамиоғлу Абайдың шығармашылығын зерттеуге көп көңіл бөлетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің кафедра Абайтанумен белсенді түрде айналысамыз. Біздің оқытушылар, профессорлар Абайдың шығармашылығына көп көңіл бөледі. Құдай қаласа, тағы да басқа профессорларды жұмысқа алып, қазақ әдебиеті бойынша тағы бір сабақ ашқым келеді. Абай – қазақ өркениетінің айнасы. Назарбаев университеті, соның ішінде біздің кафедра Абай шығармашылығын насихаттап келеміз», - дейді Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамиоғлу.
Ол Америка және Еуропада оқыған түркітанушы ретінде Абайды халықаралық көзқарас тұрғысынан қалай зерттеуге болатыны туралы мағлұмат жинап жүргенін айтты.
«Мен абайтанушы емеспін, бірақ Абайдың шығармашылығына қатысты халықаралық ғылыми қауымдастықтардың есігін ашу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін. Бұл форумға қатысушыларға зор алғыс айтамын», - деді ол.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған форум Назарбаев Университетіннің Рухани жаңғыру мәдени орталығы мен Назарбаев университетінің Қазақ тілі және Түркітану кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.