05 қаз, 2016 сағат 23:04

Ясауи тариқаты XVII ғасырда өмір сүруін тоқтатты деген пікір рас па?

Ясауитанушылардың көпшілігі XVII ғасырда Ясауи тариқаты өмір сүруін тоқтатты деген пікір білдіреді. Расында да осыдан кейін тариқат силсиласы толығымен үзілген бе?

Орталық Азияда Мұхаммед Бахауаддин Нахшбанди (1318-1389) дамытқан Ғыждуани сопылық мектебінің дамуымен Ясауи тариқаты XV ғасырдан бастап біртіндеп әлсірей түсті. Нахшбанди тариқатының басына келген Хожа Ахрар Убайдулла (1404-1490) «Өзінің әлемдік рухани парызыңды атқару үшін саяси билікті пайдалана білу қажет» деген қағиданы ұстанды. Осыдан кейін Нахшбанди тариқаты Орталық Азияның діни-саяси өміріне қатты ықпал етті. Қазақ билеушісі Қасым хан (1513-1523) Нахшбанди шайхы Әбу Бәкір Садқа қол беріп, осыдан кейін Ғыждуани сопылық мектебі қазақ халқының рухани өміріне етене араласа бастады. Ал, олармен Ясауи тариқатының Азизан тармағы ғана иық тірестіре алды. ХҮІІ ғасырда қазақ хандары Ясауи тариқатының өкілдеріне ел билеуші сұлтандармен тең мәртебе беріп, елдің рухани бірлігін сақтауға ұмтылды. Сол дәуірде қазақтың рухани өмірінде нахшбандилермен қатар Азизан қожаларының да ықпалы жоғары болды. Мысалы, Тәуке хан екі ағым арасындағы тартысты тоқтату үшін күлтөбедегі жиында билерге үш жүздің пірін сайлау жөніндегі бастама көтеріп, Нұраталық азизан қожа Мүсірәлі Азиз үш жүзге пір болып сайланады. Яғни, XVII ғасырда Ясауи тариқатының силсиласы үзілгенімен, тариқат насиқаттаған рухани құндылықтар қожалар арқылы халықтың әдет-ғұрпы мен дүниетанымына сіңісті.   

Шығыстанушы А.Бениксиннің зерттеуіне қарағанда Ясауия тариқаты ХІХ ғасырда Қырғызстанның оңтүстігі мен Ферғана жазығында «лачилер» деген атпен өмір сүрген. Лачи қауымдастығы 1870 жылы Қоқанның ханы тарапынан діннен безген деген айыппен өлтірілген Санивар атты Ясауй тариқатының шайқысы тарапынан құрылады. Қоқан билуешілері тарапынан бақылауға алған лачилер қырғыздар арасынан жақтас табады. Тариқат мүшелері астыртын ұйымдастырылған жиындарда музыканың сүйемелдеумен, хикмет оқығандықтары үшін қуғынға ұшырайды. Лачилер 1917 жылғы қазан төңкерісін жылы қабылдағанмен, кейінірек жаңа жүйемен тіл табыса алмайды. 1920 жылы лачи топтарының ішінен Ясауия тарихатының шайқы Әбу Мутәлип Сатыбалдиев «Шашты ишандар» деген тариқат құрды. Кеңес үкіметі «Шашты ишандарға» ланкестік тәсілдер мен саяси жүйеге қарсы әртүрлі әскери көтеріліс пен қозғалысты ұйымдастырды деп айып тағады. Осыдан соң шайхылары жиі-жиі тұтқындалып жазаға тартылады. Жалпы, 1950 жылдарға дейін «Шашты ишандарды» жазалау жүзеге асырылады. «Лачилер» мен «Шашты ишандар» бұл өңірде әлі де өмір сүреді.

Екімыңыншы жылдары Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінің мұрағаттарындағы діни деректерді қарастыру барысында ХІХ ғасырда шаһарда Каландар сопылық қауымдастығының өмір сүргендігіне көз жеткіздік. Қаладағы 69 көшенің бірі Каландар деп аталған. Сондай-ақ, осы атпен махала мешіті де жұмыс істеген. Кейін Сайрам қаласындағы Шах-Каландар мазарын зерттеп барғанымызда, мұнда да ХІХ ғасырда Каландар сопылық орденінің болғанын білдік. Кеңес үкіметінің 1920 жылдары аталмыш қалаларға билік орнатуымен, Каландарлар қозғалысына тиым салынған. Тарихқа зер салсақ, Маламати мектебінің өкілі болған Жамаладдин Мухаммеди Жүніс ас-Сауаджи (1232 ж.ө.) Каландар тариқатының негізін салған. Ол Жебе мен Сүбітай қолбасшылардың Иранға шапқыншылығы кезінде Дамаскіге қашып келіп, осында Каландар тариқатын құрған. Жалпы, ислам ғұламалары Каландар тариқатын шиғалық бағыттағы сопылық қауымдастық деп бағалайды. Алайда, Түркістан мен Сайрамдағы каландарлардың ішкі құрылымы мен діни ритуалдарын зерттегенімізде, олардың шариғат нормаларын (намаз, ораза) жергілікті шарттарға қарай (Ханафи мәзһабы) орындағанын көз жеткіздік. Қауымдастық өкілдері халықтың алдына шығып театрландырылған көрініс жасап (дар ағашында жүру, кір тастарын көтеру, аяғымен шоқ басу, аузымен от үрлеу), діни дастандарды образға кіріп жырлайтын болған. Олар елдің берген қайыр-садақасымен күнелткен. Каландарлар көбінесе екінші кезектегі азан шақырып ат қою, мәйіт жуу, көр қазу, ішірткі жазып, дем салу секілді рәсімдерді орындаған. Я.Кунь альбомына енгізген 1870 жылғы Қ.А.Ясауи кесенесіндегі сопылар осы каландарлар болып табылады. Олар Ясауи тариқатына тән алқа болып «жаһри зікірді» салған. Біздің пайымдауымызша Түркістан мен Сайрамдағы каландарлар Жамаладдин Мухаммеди Жүніс ас-Сауаджи құрған тариқаттың атын алғанымен, нақты тәжірибедегі өмір сүру салты Ясауи тариқатына бейімделген. Сол себепті Кеңес үкіметі 1923 жылы тиым салған «Каландарлар қозғалысын» да Ясауи тариқатының кейінгі сілемдеріне жатқызуға болады деп ойлаймын.   

Мұхан Исахан – заңгер, шариғат бойынша маман.

e-islam.kz