Жапонияның Токио қаласында XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының алауы жағылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Олимпиада алауын жағу құрметіне жапон теннисшісі Наоми Осака ие болды.
Салтанатты рәсім Жапонияның 68 мың адам сыятын Ұлттық стадионында өтті. Ал, дүбірлі дода 23 шілдеде басталып, 8 тамызда мәресіне жетпек.
Айта кетсек, Олимпиада 2020 жылы осы уақыт аралығында өткізілуі тиіс болатын. Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты ол бір жылға кейінге шегерілді.
Алдын ала мәлімет бойынша айтулы аламанға Жер шарындағы 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушылардың тең жартысына жуығы әйелдер болмақ.
Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілген.
Олимпиаданың ашылу салтанатына 950 ресми тұлға қатысты. Олардың арасында 15 мемлекет пен халықаралық ұйым басшылары бар. Дегенмен қатерлі індеттен сақтық шараларына байланысты стадионға жанкүйерлер жіберілген жоқ.
Былтыр Токио Олимпиадасының бойтұмары ретінде Мирайтова және Сомэйти бекітілген еді. Жапон тілінінен тәржімалағанда Мирайтова «болашақ» және «мәңгілік» сөздерінен құралған. Бұл болашаққа қадам басып, әлемдегі барша халықтың жүрегіне мәңгілік сенім орнату деген ойды білдіреді. Ал Сомэйти - гүлдеген сакураның сортынан туындаған сөз. Ол қиындыққа мойымай, шекараларды бұзып өтетін паралимпиадашылардың басты бойтұмары болмақ.