Биыл Астана экономикалық форумы он екінші мәрте ұйымдастырылмақ. Мамырдың 16-17 күндері елордада жылдың басты экономикалық оқиғасы өтеді деп жоспарлануда.
Бес мыңға жуық адамның басын қосатын форумға әлемнің 50 елінен арнайы делегаттар келеді.
Астана экономикалық форумы - әлемдік қаржылық-экономикалық жүйедегі өзекті мәселелер талқыланатын, және оны нығайту мен дамыту үшін нақты ұсыныстар жасалатын ірі халықаралық алаң.
Аталмыш форумның басты мақсаты – әлемдік экономиканың тұрақты дамыуына ықпал етіп, жаһандық негізгі экономикалық-әлеуметтік қатерлермен күресудің шешімдерін іздеу.
Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін айқындау мен нығайтуға сеп болуды көздейді.
Биылғы форумның тақырыбы: "Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономика". Тақырып аясында тұрақты өсу мен адами капиталды дамыту мәселелері қаралып, халықаралық білім мен инновация орталықтары ретінде қалалардың әлеуетін нығайтудың жаңа жолдары қарастырылмақ.
Қазіргі таңда қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Түрлі сессиялар бойынша өзекті тақырыптар талқыланып, маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде.
Форумның алғашқы жиындарының бірі - "Big Data Conference". Бұл сессияда "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Дүниежүзілік банк және «Қазақтелеком» АҚ бірлесе отырып, ақылды қалалар контекстінде қолданылатын заманауи байланыс технологиялары мен интелектуалдық қосымшалар тақырыбын көтеруді жоспарлауда. Қазір ақылды қалаларды қолдауға бағытталған аналитика, соның ішінде ауқымды деректердің түрлі деңгейдегі қала тұрғындарын қалай түбегейлі өзгертетіндігі кеңінен талқыланып жатыр. Сонымен қатар, қазірде ақылды қалаларға арналған ауқымды деректердің бизнес-моделі ұсынылып, бизнес пен технологиялық зерттеулердің мақсаттары анықталды. Бұл зерттеулер ауқымды деректер контекстіндегі ақылды қалалардың өркендеуі мен дамуы үшін зерттеушілер мен салаларға бағдар ретінде қызмет етпек.
Астана экономикалық форумында ауқымды деректер анализі және деректер туралы ғылымға бағытталған аталмыш конференция зерттеулердің нақты нәтижелері қамтылған презентациялар ұсынады. Сонымен қатар, мұнда ақылды қалаларды дамытуға бағытталған инновациялық және тәжірибелік идеялармен алмасу және оларды тарату мүмкіндігі де бар. Конференцияда деректер туралы ғылым, деректердің интеллектуалдық анализі, соның ішінде алгоритмдер, бағдарламалық жасақтама, жүйелер және қосымшалардың барлық аспектілері қамтылады.
«Big Data and Smart Cities» деректердің интеллектуалдық анализі, машиналық оқыту, статистика, деректерді визуалдау, кескіндерді тану, мәліметтер базасы және мәліметтер қоймасы, ғылымға негізделген жүйелер және жоғары өнімділікті есептер секілді деректер туралы ғылыммен байланысты түрлі салалар спектрінің зерттеушілері мен жасаушыларын қызықтырады. Ғылыми бағдарламадан бөлек, конференцияда стендтік презентациялар мен қалалар өмірінде ауқымды деректерді қолдану жөніндегі панельдер ұсынылады. Конференцияда ақылды қалалардағы деректерді басқару саласының маңызды мәселелерін шешумен айналысып жүрген жетекші әлемдік компаниялардың инновациялық тәсілдері туралы кеңінен айтылады.
Келесі сессияның атауы - "Cyber & Digital Security-2019". Бұл жиында еліміздегі және әлемдегі ақпараттық қауіпсіздіктің заңнамалық базасының бүгінгі жағдайы, Қазақстан және әлем үшін қауіп-қатер картасы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарлама жұмысының нәтижелері, (АКИАМО) технологиялық қорғау шаралары: реттеушінің көзқарасы, Мемлекетті қорғаудың шетелдік заңнамалық және практикалық тәжірибесі жөнінде кеңінен талқыланады.
Ақпараттық және коммуникациялық технологияларын дамыту әр елден бөлек, жалпы адамзаттың экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуында маңызды рөлді атқарады. Дегенмен АКТ өсу мен даму үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, сонымен қатар, халықаралық және ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер туғызады. Ақпараттық ортаға ауысқан мемлекетаралық тайталас шиеленістерге әкеп соқтырады, ал бұл ақпараттық соғыстарға алып келуі мүмкін.
Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік бүгін "әлемдік тұрақтылықты бұзу және ақпараттық кеңістікте мемлекет пен әлемдік қауымдастықтың қауіпсіздік қатерін құруды шығарып тастаушы халықаралық қатынастар жағдайы" ретінде бағаланады.
Ал, халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына орайластырған халықаралық конференцияда жаһандық комиссияның еңбек болашағы жөніндегі баяндамасын талқыланбақ.
Денсаулық сақтау саласындағы адами капиталды дамыту жөніндегі сессия да көпшілік үшін қызықты болуы тиіс. Тұрақты экономикалық даму үшін әлеуметтік-экономикалық негізді білім беру, ғылым, денсаулық сақтау мен мәдениет салалары құрайды. Сондықтан қазіргі Қазақстанда мемлекеттің қызметі білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғын үй саясатына бағытталатын шығыстар мен инвестицияларды ұлғайту жағына қарай өзгеруде.
Адам капиталының өзегі - адам және ол солай болып қалады. Білімі, кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі бар адамдар қажетті өзгерістердің мүмкіндіктері мен шекараларын анықтайды. Қызметкерлердің білімі мен шығармашылық әлеуеті экономикалық жүйе тиімділігінің басты факторына айналуда, онсыз техникалық және экономикалық прогресс іс жүзінде қол жетпейтін міндетке айналып барады.
Осылайша, тез жаңаратын технологиялар жағдайында ғылыми және өндірістік процестерге енуге дайын инновацияларға сезімтал адами капиталды қалыптастыру міндеті бірінші жоспарға қойылып отыр.
Иә, еуразиялық экономикалық интеграция бизнеске кең жалпы нарыққа ырықтандырудың қолжетіміділігі бойынша едәуір мүмкіндіктер сыйлады. Алайда, кәсіпкерлер ЕЭО басымдықтарын толық өлшемде қолдана алмайды және оны қолдануға асықпайды.
ЕЭО-та бизнес жүргізу үшін қажетті экожүйені қалыптастыру – тауарлар және қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, сәйкесінше, экономикалық өсу қарқынын жылдамдатуды шешетін маңызды мәселе. Сонымен қатар, ЕЭО-та бизнесті дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – түрлі кедергілер, жеткіліксіз деңгейдегі ақпаратпен қамту және ЕЭО ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланбау, сонымен қатар, Одақтың әр мемлекетіндегі бизнес үдресітерін реттеудің өзгеше жағдайы.
Еуразиялық кеңістіктегі бизнесті дамыту үшін интеграциялық үдерістердің үлесі қандай?
Еуразиялық интеграциялық жобаның жалпы ЕЭО және әр мемлекеттегі бизнес климатты жақсартуға тигізетін жағымды әсерін қалай бағалауға болады?
Еуразиялық интеграция және бәсекелестік құзіретті қолдану арқылы бизнесті жүргізу және инвестициялау кезінде синергетикалық нәтижеге қалай қол жеткізуге болады?
Қалайша ішкі реттеуді қатайту үрдісі мен ұлттық протекционизм ортадан тепкіш күшін интеграцияның ортаға тартушы күшіне айналдырып және инвестициялық әлеуетті еуразиялық кеңістікке тоғыстыруға болады?
Бұл сұрақтардың жауабы "Бизнес үшін Еуразиялық экономикалық одақ: инвестициялық болжау, мүмкіндіктер, перспективалар" деп аталатын тағы бір жиында белгілі болмақ.
Бұдан басқа, "Бейресми экономика. Цифрлық төлемдер экономикалық ашықтықты арттыру факторы ретінде", "Дүниежүзілік сауда ұйымының еркін экономикалық аймақтар бойынша аймақтық форумы", "Көпжақты сауда жүйесінің алдында тұрған өзекті жүйелік сын-қатерлер: ықтимал шешу жолдары және жаңа шындыққа бейімделу", "Технологиялық революция дәуіріндегі әлем: 4.0 индустриясы жаһандық өсуге қалай әсер етеді?", "AEF Talks (ашық лекциялар)", "Кавказ және Орта Азия елдері, Моңғолия және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер өңірлерінің қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының дөңгелек үстелі "Инклюзивті өсу үшін экономикалық саясат шаралары", "Инновациялар – ЕЭО автоөнеркәсібінің болашағы", "Еуразиялық интеграцияға 25 жыл: идеядан іске асыруға", "Жасыл өсім үшін инновациялық экожүйелерді құру: ғылым, білім және технологиялар", "Жаһандық экономиканың баяулауы: ауқымды рецессияның қалай алдын алуға болады?", "Ашық пікірсайыс: ынымақтастықтың жаһандық жүйесіндегі дәрменсіздік тәуекелдері", "ОАЭЫ болашағының дәлізі: Азиядағы экономикалық дәліздерді дамыту тәжірибесі", "Аумақтық-кеңістіктік дамудың сын-тегеуріндеріне жауаптар" атты түрлі сессиялар өтеді. Бұл - тек бірінші күн ғана өтетін жиындардың атауы. 17 мамыр күні де жаһандық маңызды мәселелерді талқылауға бағытталған отырыстар жоспарланған. Іс-шараның негізгі жаңалығының бірі - жастар мен студенттерге арналған "AEF Talks" үлгісін ұйымдастыру. Бұл сессия қазақ жастарына әйгілі ғалым, саясаткерлермен қызықты әрі пайдалы дәріс-сұxбаттарға қатысу мүмкіндігін сыйлайды.
Тұңғыш рет Халықаралық валюта қорының Қаржы министрлері мен Кавказ және Орталық Азия аймақтары елдерінің орталық банктерінің басшылары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Аталмыш форумға ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысады деп күтілуде. Бұл - жиынның маңызын одан әрі арттыра түсері анық.
Айта кетсек, іс-шаралардың ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, «Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры» корпоративтік қоры.