18 нау, 2022 сағат 21:52

Волейбол: «Алтай» алты дүркін ел чемпионы атанды


Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасындағы ҚР ХХХ чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Плей-офф бәсекелерінде алтын жүлдені «Алтай» (Өскемен) мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары сарапқа салды.

Өткен жылы да қос клуб финалда кездесіп, сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын өскемендіктер жеңімпаз атанған еді. Бұдан кейін «Жетісу» клубында түркиялық маман Жанболат Бурханның орнына белгілі волейболшы Елена Павлова келген болатын.

Биыл қос финалдық ойында да «Алтайдың» мерейі үстем болды. Бүгінгі матчта өскемендіктер 25:19, 25:16, 25:18 есебімен ұтып, қарсыласына дес бермеді. Команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұловаға қоса украиналық Надежда Кодола, сербиялық байланыстырушы Даница Раденкович, сондай-ақ қазақстандықтар Полина Уфимцева, Кристина Белова, Кристина Аниконова, либеро Мәдина Бекет жеңіске сүбелі үлестерін қосты.

Осылайша «Алтай» алты дүркін ел чемпионы атанды.

«Жетісу» күміспен күптелсе, солтүстікқазақстандық «Қуаныш» екі жыл қатарынан қола жүлдеге ие болды.

Салтанатты рәсімде үздік ойыншылар да марапатталды.