16 қар, 2023 сағат 13:49

Вице-министр қыз зорлады деген күдікке ілінген әріптесі туралы пікір білдірді

Марат Қожаев / Фото: ОКҚ

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Талдықорғанда өз кабинетінде қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынған қалалық Полиция басқармасының бастығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қожаев Талдықорғанда полицияға басшылық еткен әріптесімен жеке танысқан емеспін дейді. Бірақ ол адам тексерістен талай рет өткен.

“Ұят жағдай, оны мойындау керек. Бірақ әр адамның жүрегіне, қанына сіңетін қасиеттерді біз біле алмаймыз. Ондай технология жоқ әлі. Тексерістен талай рет өтті. Жаңадан келген қызметкер емес, талай жыл істеп келе жатқан адам. Бірақ осындай нәрсені істеп қойды. Жауапкершілігін тергеу анықтайды, сотқа жіберіледі, сол кезде жазасын алады”,-деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.

Осы орайда журналистер қыз зорлаған басшының бұған дейін өз қызметкерлерін балағаттап, дөрекі мінез көрсеткенін еске салды. Қожаевтың сөзіне қарағанда, бұның барлығы кешегі тексеріс кезінде анықталып отыр.

“Иә, ондай жағдайлар болған екен. Сол оқиға кезінде оның лауазымы төмендетілген, одан кейін қызметін атқара келе, мына лауазымына тағайындалған”, - деп атап көрсетті Қожаев.

Айта кетері, осы аптаның басында Талдықорған қалалық полициясының бастығы 27 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Кеше облыстық полиция депаратментінің басшылығы да жұмыстан босатылды.