15 нау, 2018 сағат 11:43

Вице-министр 7 жасар баланың ісі туралы: Біреуді кінәлі деп кесіп айту ерте

ОҚО-дағы баланы зорлау фактісі бойынша пікір білдіргенде біз тек сол өңірдегі білім департаментінің мәліметтеріне сүйендік. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат тілшісі.

«Бұл жағдай туралы мәлімет алған сәттен бастап біздегі Балалар құқығын қорғау комитеті бұл ақпаратқа мониторинг жасап, жергілікті білім басқармасымен байланыс жүргізіп отыр. Сейсенбі күні айтылған мәліметтер алдын ала мәлімет болатын және сол өңірдегі білім басқармасының берген дерегіне сүйендік. Қазіргі уақытта біздің комитет өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысына жол жүрді», - деген вице-министр қоғам мен Балалар құқығы жөніндегі өкілдің осы оқиғаға қатысты белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді.

Журналистердің егер, балаға қатысты зорлық фактісі расталса, мектеп директорына қандай жаза қолданылатын жөніндегі сұрағына Б.Асылова бұл білім және ғылым министрлігінің құзыретінде емес екенін айтты.

«Қазіргі уақытта қандай да бір нақты шешім шығару ерте. Арнайы сараптамалар мен тексерулер жүргізілгеннен кейін, біз де барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өз ұстанымыз жайында мәлімдеме жасайтын боламыз. Ал мектеп директорына қатысты айтар болсам, егер, бұл факті дәлелденсе, онда бұл тұста енді басқа заңдар, яғни қылмыстық, әкімшілік заң бұзушылықты қарастыратын заңдар іске қосылады деп санаймын. Ол қылмысқа қатыстылығы, қылмыс деңгейіне қатысты құқық қорғау органдары белгілі шара қолданатын болады.

Мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі, психолог, әрбір мұғалім, әрбір қызметкерге қатысты, оның қылмысқа қаншалықты қатысты, қаншалықты ықпал етті, оның қаншалықты кінәлі екені де белгіленген тәртіпте заңмен қаралуы керек. Сондықтан, қазір мынау кінәлі деп кесіп айту ерте. Біз білім және ғылым министрлігіміз. Сондықтан, сараптаманың дұрыс не бұрыстығы жайында еш пікір білдіре алмаймыз. Біз тек сол білім департаментінің алдын ала мәліметтеріне сүйендік», - деді БҒМ өкілі.