Кемерово облысының бірінші вице-губернаторы Владимир Чернов 27 наурызда Кемеровода өрт себептерін шынайы және ашық тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен стихиялы митингті "биліктің беделін түсіруді көздеген, ұйымдастырылған акция" деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.
"Ол жерде не болып жатқанын түсінбейтін қызба жастар көп болды" деді Чернов. Вице-губернатор сонымен қатар облыс губернаторы Аман Төлеевтің митингіге жиналған жүздеген адамның алдына шықпағанын "дұрыс" деп атады.
Кеше облыстық әкімдікте Ресей президенті Владимир Путин қатысқан жиында Төлеев қайғылы оқиға үшін Путиннен кешірім сұрап, митингіге қатысушыларды "шатақ шығарушылар" деп атаған. Оның пікірінше, митингіге жиналғандар арасында "өрт құрбандарының туыстары болмаған".
Алаңға шығып, митингіге қатысушылармен сөйлескен вице-губернатор Сергей Цивилев митингіде сөйлеген Игорь Востриковті "пиармен айналысып жүр" деп айыптаған. Востриков оған өрттен кішкентай үш қызы мен әйелі және әпкесі қаза тапқанын айтқан. Бұдан соң Цивилев құрбандардың туыстары алдында тізесін бүгіп кешірім сұраған.
Соңғы мәлімет бойынша, Кемеровода 25 наурызда "Зимняя вишня" сауда және ойын-сауық орталығында болған өрттен 64 адам қаза тапты. Оның көпшілігі - балалар. Ресей төтенше жағдай министрлігі өрттен із-түзсіз жоғалғандар туралы мәлімет жоғын мәлімдеді. Кеше қала әкімдігі жариялаған тізімде 38 адам, оның ішінде 26 бала із-түзсіз жоғалды деп саналған.
28 наурыз Ресейде өрт құрбандарын ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Кемервода бүгін өрттен қаза тапқан 14 адамды жерлеп жатыр.