Astana-Premier Tech командасы Александр Винокуровтың команданың спорттық басшысы міндетін атқару тоқтатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Astana-Premier Tech командасы Александр Винокуровтың команданың спорттық басшысы міндетін атқаруын тоқтататынын хабарлайды. Команданың директорлар кеңесінің бұл шешіміне қарамастан, Винокуров Astana-Premier Tech командасының құнды мүшесі болып қала береді. Бірақ біраз уақыт басқарушылық міндеттер атқармайды», - деп жазылған команданың ресми мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, ресми ақпаратта Александр Винокуровтың орнына кім келетіні де айтылған.
«Жуық арада команданың спорт жетекшісі ретіндегі жауапкершілікті Джузеппе Мартинелли мен Стив Бауэр өз мойнына алады. Олар команданың күнделікті спорттық қызметін жұмыстарын басқарушы директор Яна Зельмен бірге үйлестіреді», - деп жазылған Astana-Premier Tech таратқан мәліметте.
Осылайша, «Тур де Франс» көпкүндігіне Astana-Premier Tech командасы Александр Винокуровсыз қатысатын болды.
«Біз Александр Винокуровтың «Тур де Франсқа» қатыспайтынын растаймыз. Өйткені ол команданың спорт жетекшісі міндетін тоқтатты. Александр әлі де команданың құрамында қала береді. Тек команданың спорттық операцияларын басқармайды. Бірақ басқа тапсырмаларды орындауға ауысады. Осы кезеңде Джузеппе Мартинелли мен Стив Бауэр команданың жарыстарда өнер көрсетуін үйлестіріп, Дмитрий Фофонов пен Стефано Занини бастаған шабандоздардың «Тур де Франс» және басқа да сайыстарда табысты өнер көрсетуіне мүмкіндік жасайды деп үміттенеміз», – дейді Astana-Premier Tech басқарушы директоры Яна Зель.