Шосседегі велоспорттан Қазақстанның ерлер құрамасы Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Тәжікстан астанасы Душанбеде шосседегі велоспорт бойынша Азия чемпионаты басталды. Қазақстан құрама командасы командалық жарыста топ жарып, құрлықтық біріншіліктің «алтынына» ие болды.
Командалық жарысқа ел құрамасы сапында Евгений Федоров, Игорь Чжан, Юрий Натаров және Евгений Гидич сынға түсті. Велошабандоздар 24 км қашықтықты 26 минут 48.933 секундта бағындырды.
Жарыс қорытындысы бойынша Моңғолия құрамасы екінші болса, Иран құрамасы үздік үштікті қорытындылады.
Сондай-ақ Азия чемпионатына қатысқан велоспорттан Қазақстанның әйелдер құрамасы «күміс» медальға ие болды. Ел намысын Рината Султанова, Фаина Потапова, Махаббат Үмітжанова және Анжела Соловьева қорғады. Спортшы қыздар 24 шақырымды 32 минут 24.015 секундта еңсерді.
Біріншіліктің чемпионы Өзбекстан құрамасы болды.