Фото: instagram.com/make_sakevich
Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов аппеляциялық шағым түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы белгілі вайнерлерге қатысты қаржы пирамидасы ісін қарай бастады.
Апелляциялық сатыдағы сот отырысына жауапкерлердің өзі қатыспайды. Олардың мүддесін адвокаттары қорғайды.
Еске салайық, былтыр 23 маусымда Алмалы аудандық соты танымал вайнерлерге Mudarabah Capital қаржы пирамидасы ісі бойынша үкім шығарған болатын. Айыпталушылар тарапында барлығы 12 адам болған.
Төребаев пен Шерниязов Қылмыстық кодекстің 217-бабы "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бойынша кінәлі деп танылды.
Сонымен қатар Алмалы ауданының соты вайнер Мейіржан Төребаевқа қауіпсіздігі ең төмен колонияда бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мейірхан Шерниязовқа да дәл осындай жаза берілді. Қалған қатысушыларға 8 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің 1 миллиард 861 миллион 752 мың 441 теңгеден аса сомадағы талабын қанағаттандырды.