"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақ боксшысы Василий Левит алғашқы жекпе-жегінде қытайлық Ю Фенгкайды техникалық нокаутпен ұтты", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жекпе-жек барысында біздің боксшымыздың басымдылығы анық байқалып тұрды. Тізгінді толықтай қолына алған Левиттің ауыр соққыларынан қытайлық былғары қолғап шебері нокдаунға да түсіп үлгерді. Екінші раундтың соңында Ю Фенгкайдың атына техникалық нокаут жазылып, ол жарыс жолынан біржола шығып қалды.
Ал осыған дейін Біржан Жақыпов пен Жәнібек Әлімханұлы ел сенімін ақтап, алғашқы кездесулерін сәтті бастаған. Өкінішке қарай, тек Олимпиаданың бірінші күні Берік Әбдірахманов АҚШ боксшысынан ұтылып қалған-тын.
Естеріңізге сала кетейік, талай қазақ боксшысының жолын тұсаулап, Олимпиада ойындарына баруға ұстатпай жүрген 91 келі салмақ дәрежесіндегі жолдаманы биыл отандасымыз Василий Левит қанжығасына байлап, тәуелсіз Қазақ елі атынан осы салмақта тұңғыш рет Олимпиада ойындарында өнер көрсету құқығына ие болды.
Ұлт порталы