Фото: Getty images
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ астанасында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирде өнерін аяқтады. Жартылай финал кезеңінде ол Канаданың өкілі Лейла Фернандеске есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Жеңіс пен жеңіліс арасында шайқасқа айналған матч үш сағаттан астам уақытқа созылып, нағыз психологиялық және физикалық сынаққа айналды. Бұл туралы sports24-ке сілтеме жасап ult.kz хабарлайды.
Әлемнің 12-ракеткасы болып саналатын Рыбакина рейтингіде 36-орында тұрған қарсыласымен тең дәрежеде күресіп, алғашқы сетте тай-брейкте жеңіске жетті - 7:6 (7:5). Алайда келесі екі сетте тай-брейктерде аз ғана басымдықпен ұтылып, матч тағдырын Фернандес шешті - 6:7 (4:7), 6:7 (3:7).
Елена матч барысында жоғары деңгейде ойнап, эйстер бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізді, бірақ шешуші сәттерде қателіктерге жол беріп, финалдан тыс қалды. Ойын барысында қос теннисші де сабырлылық пен шеберліктің үлгісін көрсетті.
WTA 500 Вашингтон. Хард. Жартылай финал
Елена Рыбакина (Қазақстан, 12) – Лейла Фернандес (Канада, 36) — 7:6 (7:5), 6:7 (4:7), 6:7 (3:7)
Айта кетейік, бұған дейін Рыбакина ширек финалда Польшаның теннисшісі Магдалена Френхті жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын.
