10 мау, 2020 сағат 12:20

Валюталық ипотекалық қарыз алушылардың жүктемесі төмендетіледі

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының негізгі мақсаты - валюталық ипотека алушылардың борыштық жүктемесін төмендету және болашақта валюталық тәуекелді болғызбау, сондай-ақ банктік емес қаржы ұйымдары мен төлем жүйелерінің қызметін реттеуді жетілдіру. 

Мәжіліс депутаты Петр Шарапаевтың айтуынша, заң жобасы бойынша комитеттер мен депутаттардан 80-нен астам ұсыныс түсті. Оның ішінде 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында көзделген. Атап айтқанда инфрақұрылымды, ішкі өндірісті, кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қатысты шараларды іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатындағы түзетулер енгізілді. 

Заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында мынадай түзетулер ескерілген: 

1) Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлігінде: 

- банктерге борыштық жүктемені төмендету мақсатында шетел валютасын ұлттық валютаға ауыстыру кезінде шетел валютасындағы ипотекалық қарыз бойынша қарыз алушының ақшалай міндеттемесін азайту түріндегі жақсарту шартын валюталық ипотекалық қарыз алушының өтінішінсіз қолдану құқығы берілді; 

2) Микроқаржы қызметін лицензиялау бөлігінде: 

- микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды есептік тіркеудің орнына 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы қызметін лицензиялау енгізіледі; 

3) Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар үшін жүктемені төмендету мақсатында міндетті зейнетақы жарналары алынған кірістің 10 пайызынан 5 пайызына дейін төмендетілді.