5 қыркүйекте Қазақстан қор биржасының (KASE) таңертеңгілік сессиясында доллар бағамы 369,63 теңгені құрады, деп хабарлайды Sputnik.
Айта кетейік, бір күн ішінде ұлттық валюта 2,58 теңгеге арзандады.
Ең төменгі мөлшерлеме 368,5 теңге, ең жоғарғысы 369,9 теңге деңгейінде қалыптасты. АҚШ валютасымен сауда көлемі 143 миллион 850 мың долларды құрады. Валюта операцияларымен жасалған мәмілелер саны – 272.
Ұлттық банктің мәліметінше, доллардың ресми бағамы 367,52 теңге болып бекітілді.
Алайда Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттері долларды 373 теңгеден сатып жатыр.
kurs.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарында Қазақстанның айырбастау пункттерінде АҚШ валютасының құны 334 теңге болған. 9 ай ішінде доллар 36 теңгеге қымбаттады.
Ұлттық валютаның тағдыры не болмақ?
Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2019 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде инфляция шектен асады деп болжанып отырғанын ескертті. Оның айтуынша, бұл Ресейге салынған санкцияларға, теңгенің әлсіреуіне, мұнай бағасының төмендеп, әлеуметтік шығыстар мен кредит көлемінің ұлғаюына байланысты.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов оның мәлімдемесінде жауап ретінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамы келесі үш жылға арналған бюджет туралы заңмен бірге парламентке ұсынылғандықтан инфляция дәлізі өзгермегенін мәлімдеді.
Ұлттық банктің деректері бойынша, Қазақстанда инфляция 2018 жылдың тамыз айында 0,2% —ды құрады, жыл басынан бері — 2,9%. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ол мақсатты дәліздің жоғарғы шегіне – 5-7% дейін жетуі мүмкін. Өткен жылы оның деңгейі 7,1% болды.