06 қар, 2025 сағат 12:43

Valve, Apple және Temu сияқты интернет-алыптар Қазақстан бюджетіне 118,4 млрд теңге салық төледі

Фото: Pexels.com

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, цифрлық қызметтер салығы енгізілген сәттен бастап шетелдік интернет-компаниялар ел бюджетіне жалпы 118,4 млрд теңге аударған, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл салық тетігі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген. Ол қазақстандық пайдаланушыларға электрондық қызмет көрсететін немесе интернет арқылы тауар сататын шетелдік компанияларға қатысты. Мұндай компаниялар Қазақстанда тіркеліп, қосылған құн салығын (ҚҚС) 12% мөлшерлемемен төлеуге міндетті.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 118 шетелдік резидент емес компания есепке қойылған. Олардың қатарында әлемдік ірі платформалар бар. 2025 жылы бұл тізімге тағы 20 жаңа компания қосылды. Олардың ішінде:

  • Chess.com – шахмат әуесқойларына арналған халықаралық платформа;

  • OpenAI, L.L.C. – ChatGPT сервисінің әзірлеушісі;

  • Canva Pty Ltd. – онлайн-дизайн құралы;

  • Microsoft Ireland Operations Limited – Microsoft компаниясының бөлімшесі;

  • Canyon Bicycles GmbH – кәсіби велосипед өндірушісі.

2025 жылы шетелдік цифрлық компаниялардан 48,6 млрд теңге салық түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артық.
Ең ірі ҚҚС төлеушілердің үштігіне:

  • Valve Corporation – 8,6 млрд ₸,

  • Apple – 8 млрд ₸,

  • Temu – 6,2 млрд ₸ кірді.

Мұндай тәжірибе көптеген елдерде қолданылуда. Мысалы, Еуропалық Одақта бірыңғай e-VAT жүйесі, Ұлыбритания, Канада және Үндістанда арнайы цифрлық салық бар. Ал Қазақстанның моделі ЭЫДҰ ұсынымдарына және жаһандық үздік тәжірибелерге сәйкес келеді.

Өңір елдері де ұқсас саясат ұстануда:

  • Өзбекстан – 2020 жылдан бері 12% ҚҚС алады,

  • Қырғызстан – 2022 жылдан бастап осы режимді енгізген,

  • Ресей – 2024 жылдан бастап 18% ҚҚС мөлшерлемесін бекітті.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл бастама цифрлық экономикадағы әділ салық жүйесін қалыптастырып, шетелдік компаниялардың қызметін ашық етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Осылайша, «цифрлық ҚҚС» енгізу Қазақстанды цифрлық саланы тиімді реттейтін елдердің қатарына қосты.