Фото: primeminister.kz
Желтоқсанда қызылшаға қарсы 1 млн доза вакцина жеткізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында шаралар қабылданды. Біріншіден, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл 1 жас және 6 жас аралығындағы балалардың 84 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакцинациялауға жатады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, екіншіден, қызылшамен ауырғандармен байланыста болған 15 мыңнан астам адам шұғыл вакцинациялаумен қамтылды. Үшіншіден, бұрын вакцина алмаған 18 жасқа дейінгі 63 мыңнан астам адам вакцина алды. Төртіншіден, 5 жасқа дейінгі балаларды иммундау жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 100 мыңнан астам бала вакцинацияланды.
«Қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін қызылшаға қарсы вакцинаның 1,5 млн дозасы сатып алынды. Оның 500 мың дозасы келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтілуде. Осыған байланысты, халықтың белсенділігі мен вакцинациялауды таңдау біздің балаларымыздың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жаппай иммундаумен жоғары қамту ғана желтоқсан айында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға және 2024 жылғы қаңтарда сырқаттанушылықты азайтуға мүмкіндік береді.
«Вакцинамен басқарылатын аурулар мен асқынулардан балалардың денсаулығын қорғау туралы шешім қабылдайтын ата-аналардан вакцинациялаудан бас тарту көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, сіреспе сияқты ұмытылып кеткен қауіпті аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін екеніне, бұл көбіне жоғары мүгедектік пен өлімге әкелетініне аса назар аударуын өтінемін. Егер сіздердің 5 жасқа дейінгі балаларыңыз болса, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларыңызда екпелердің бар-жоғын тексеруді сұраймын және міндетті түрде қосымша жаппай иммундау аясында екпе алуды ұмытпаңыз. Вакцинацияланбаған жағдайда балаларыңызды тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда дереу вакцина алуды ұсынамын. Балаларыңыздың денсаулығы - өз қолдарыңызда», - деді Ажар Ғиният.