Алматы облысы Жамбыл ауданында өткен жексенбіде жоғалған мал саудасымен айналысатын Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан есімді азаматтардың қаза болғаны туралы бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Жоғалған азаматтарды қылмыскерлер Ұзынағаш ауылынан 200 шақырым жерге апарып, құмға көміп кетіпті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BAQ.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін анық болғанындай үш азаматты іздеуші топ Жамбыл аудандық ІІБ алдында жиналған кезде полицейлер бұл хабарды марқұмдардың туыстарына естіркен.
«Бүгін таңертең бірнеше жүз адам аудандық полиция бөліміне жиналдық, содан түске қарай полиция басшылары олардың сүйектерін осыдан 200 шақырымдай жерден тапқандарын естіртті», - дейді жоғалған кісілердің туысы Адал Зарлыхан.
Марқұмдардың әрқайсысының артында екіден, үштен жас балалары, қарт ата-аналары қалған. Бұған дейін аталған оқиғаға қатысы бар деген күдікпен екі адамның ұсталғаны туралы жазған болатынбыз. Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы прокурорының орынбасары Саят Бакиров Жамбыл ауданына арнайы келіп, тергеу шараларын бақылауға алған.
Естеріңізге сала кетейік, Талдықорған қаласына жақын маңдағы Көксу ауданының 3 тұрғыны Алматы жақтағы Ұзынағаш базарында мал сатамыз деп із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Ал кеше олардың екінші жүк көлігі табылған болатын. Көлік Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылы маңынан екінші жүк көлігі табылды.