06 нау, 2024 сағат 17:49

Ұшақтармен болатын әуе апаттары қоғамға жарияланбай отыр — депутат сауалы


Мәжіліс депутаты Асқар Садықов қазақстандық ұшақтармен болатын әуе апаттары қоғамға жарияланбай отырғанына наразылық білдірді, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».

Депутаттың айтуынша, «Fly Arystan» қазақстандық әуе тасымалдаушысының ұшағы Дели қаласының әуежайында ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, «Air India» әуе компаниясының ұшағына соқтығыса жаздаған. Үнді ұшқыштарының қырағылығы ғана әуе апатының алдын алған.

Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында 2023 жылдың соңында Тараз қаласының әуежайы аумағында екі қазақстандық ұшақтың әуеде соқтығысып қала жаздағаны туралы хабарланған. Сәті түсіп, адамдар бұл апатта аман қалды.

"Бәрінен де жұмған ауыздарын ашпай, болған жәйтті қоғамға хабарламай отырған әуе апаттары мен қақтығыстарын зерттейтін өкілетті орган - ҚР Көлік министрлігінің ұстанымы наразылық тудырады", - деді А.Садықов депутаттық сауалында.


Депутат әуе апаттары мен қақтығыстарын объективті түрде тергеуге кері ықпал етіп, апаттар туралы ақпаратты жасыруға алып келіп жатқан себепті айтты.

"Қазіргі уақытта азаматтық авиацияда әуе апаттары мен қақтығыстарды тергеу бойынша мемлекеттік функцияларды атқару ҚР Көлік министрлігінің Әуе апаттарымен қақтығыстарын зерттеу басқармасына жүктелген. Оған қоса Көлік министрлігі қарамағында азаматтық авиация саласындағы өзге де функцияларды атқаратын Азаматтық авиация комитеті мен “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” органдары бар. Яғни, Көлік министрлігінің қызметінде бұл мәселеде нақты мүдде қақтығысы туындайды", - деді депутат.


"Ақ жол" партиясы фракциясы депутаты азаматтық авиациядағы әуе апаты мен қақтығыстарын тергеу бойынша мемлекеттік функцияларды Көлік министрлігінен тәуелсіз органы - Төтенше жағдай министрлігіне беру қарастыруды ұсынып отыр.