03 қаз, 2025 сағат 12:47

Үш жылдық сынақ: Қазақстан цифрлы дәуірдің төріне шыға ала ма?

Фото: gov.kz


XXI ғасырдың жаңа валютасы – білім мен технология. Әлем жасанды интеллектіні (ЖИ) стратегиялық ресурс деп танып, оған қаржы, күш-қуат және ұлттық мүдде тұрғысынан басымдық беріп отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қала алмайды. Осы орайда Ult.kz тілшісі «Қазақстан цифрлы ел болу үшін не істеуі керек, «Мүмкіндігі қандай?» деген сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлы ел болуы керек» деп мәлімдеді. Бұл – ұлт болашағына бағытталған маңызды межелі мақсат.

 

Қазіргі ахуал мен әлемдік тәжірибе


Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн форматта ұсынылады. Қолма-қолсыз төлемдер үлесі 85 пайыздан асқан. Жыл басынан бері 26 миллион цифрлық қызмет көрсетіліп, оның тең жартысы смартфон арқылы жасалған. Бұл – қоғамның цифрландыруға бейімделіп келе жатқанын көрсететін айқын дерек.


Алайда Президент атап өткендей, «бір орында тоқтап қалуға болмайды». ЖИ дамуының қарқыны соншалық, кешегі жетістік бүгін ескірген көрсеткішке айналуы мүмкін.


Қытай «AI+» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ЖИ-ді экономика мен әлеуметтік салаға кешенді енгізіп отыр. АҚШ жасанды интеллектіні жаһандық көшбасшылықтың құралы ретінде қарастырады. БАӘ-де тіпті арнайы ЖИ университеті жұмыс істейді.


Бұл мысалдар бір шындықты айғақтайды: жаңа ғасырдағы басты бәсекенің кілті – технология. Кім ЖИ-ді тиімді меңгерсе, сол мемлекет жаһандық саясатта да, экономикада да басымдыққа ие болмақ. Қазақстан да бұл үдерістен қалыс қалмай, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрды. Бұл – тек құрылымдық өзгеріс емес, елдің технологиялық бағытын жүйелеу әрекеті. AI-Sana бағдарламасы аясында 440 мың студент арнайы сертификат алды. Жекелеген университеттерде ЖИ пәндері енгізіліп, зерттеу орталықтары жұмыс істей бастады. Қазақ тіліндегі алғашқы ірі модель – KazLLM жасалды.

 


Фото: Акорда


Халықаралық әріптестік те назар аудартады. Digital Bridge 2025 форумында Павел Дуров Қазақстанда Alem.ai ЖИ-зертханасын ашты.


«Бір жыл бұрын біз Қазақстанда аймақтық кеңсемізді ашқан едік. Бүгін оның жұмыс нәтижесіне көңіліміз толып отыр. Ал бүгін Alem.ai ғимаратында мамандандырылған жасанды интеллект зертханасын ашып отырмыз. Бұл – Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютер кластерінің бірлескен жобасы», - деді Дуров.



Оның айтуынша, жаңа технологияны бір миллиардтан астам адам пайдалана алады. Бұл – қазақстандық IT экожүйенің әлемдік аренаға шығуына жол ашатын маңызды платформа.

 

Сарапшы пікірі: қауіп пен мүмкіндік

 

Digital-маман Алмас Нахыпбек ЖИ-дің келешегіне екіұшты баға береді.


– ЖИ ең алдымен автоматтандыруға бейім салаларға серпіліс әкеледі. Бұл жұмыс орындарын қысқартпайды, қайта мамандардың жұмысын жеңілдетіп, өнімділігін арттырады. Бірақ егер біз уақтылы бейімделмесек, кейбір дәстүрлі кәсіптер өзектілігін жоғалтуы мүмкін, – дейді ол.


Фото: Алмас Нахыпбектің facebook парақшасынан


Сарапшының пікірінше, білім беру мен ғылымда ЖИ үлкен мүмкіндік береді: оқушылардың бейімін ерте анықтап, мұғалімдердің жүктемесін азайтады; зерттеу саласында мыңдаған дереккөзді саралап, ғалымдардың уақытын үнемдейді.


– Қазақстан ЖИ саласында Орталық Азияда көш бастауға қабілетті. Ол үшін жастарға гранттар, стартаптарға субсидиялар, бизнес пен мемқызмет арасындағы байланыстар қажет. ЖИ – болашақтағы бәсекеге қабілеттіліктің басты формуласы, – дейді Алмас Нахыпбек.



ЖИ дамуы жаңа мамандықтар туғызумен бірге, кейбір дәстүрлі салаларды ығыстыруы мүмкін. Бұл – кез келген технологиялық революцияға тән құбылыс. Сол себепті Қазақстанға қажет басты шарт – азаматтарды жаңа дағдыларға үйрету, қоғамды цифрлық сауаттылыққа бейімдеу.


Сонымен қатар, ЖИ дәуірінде деректерді қорғау, этикалық стандарттарды сақтау, жалған ақпаратпен күрес мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл жерде заңнамалық жауапкершілік пен қатаң бақылау маңызды рөл атқарады.

Президент қойған үш жылдық меже – қысқа уақыт. Бірақ дәл осы қысқа мерзімде Қазақстанның болашағы шешілмек. Цифрландыру – тек экономикадағы тиімділік емес, ұлттық қауіпсіздік пен егемендіктің жаңа кепілі.

Жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанға артылған міндет – уақытпен жарысып, әлемдік көштен қалмау. Бұл сыннан сүрінбей өту – ұлт тағдырына әсер ететін тарихи кезең болмақ.


Ақбота Мұсабекқызы