Елорданың полиция департаменті 26 наурыз күні үш автобус соқтығысқан жол апатының себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаевтың айтуынша, №303 автобустың жүргізушісі есінен танып қалған.
"Біз қылмыстық іс қозғадық. Сот-медицина сараптамасына сәйкес, №303 автобустың жүргізушісі Оспанов есінен танған. Салдарынан жол-көлік апаты болды. Тергеу 26 маусымға дейін жалғасады", - деді Нұрқаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сараптамаға сәйкес, автобус жүргізушісінің жүрегі ауырған. Сол күні жүрегі сыр беріп, қан айналымы баяулаған. Миға қан бармағандықтан, жүргізуші есінен танып қалыпты.
Айта кетсек, биыл 26 наурызда елордағы Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Қала маңына қатынайтын №303 автобус пен №12 автобус соқтығысқан. Кейін оларға №53 қоғамдық көлік пен жедел жәрдем көлігі соғылды.