Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы «Үлкен дулыға» додасының 19-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 62-орында тұрған франциялық Каролнн Гарсиямен кортқа шықты.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:4 есебімен қиналмай ұтты.
Рыбакина бәсеке барысында 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Брейкке қол жеткізбеген К.Гарсия 1 ғана эйспен шектелді.
Қазақстандық спортшының келесі қарсыласы аса мықты. Ол – кезінде рейтингте көш бастаған 2018 жылғы Ролан Гаррос, 2019 жылғы Уимблдон турнирлерінің чемпионы, биыл жарақатына байланысты онша өнер көрсете алмаған, қазіргі кезде рейтингте 13-орында тұрған румыниялық Симона Халеп. Халеп те екінші кездесуінде словакиялық Кристина Куцованы 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.