04 қыр, 2021 сағат 01:36

US Open: Рыбакина төртінші айналымға шыға алмады


Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Рыбакина үшінші айналымда доданың орталық кортында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, қазіргі кезде рейтингте 13-орында тұрған «Үлкен дулыға» додасының екі мәрте жеңімпазы, румыниялық Симона Халеппен күш сынасты. 

Қарсыластар бұған дейін екі мәрте кездескен еді. Бұдан екі жыл бұрын Уханьда (Қытайда) өткен жарыста бірінші сетте есеп 4:5 болған кезде Халеп жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмаған болатын. Есесіне өткен жылы ақпанда Дубайдағы турнирдің финалында С.Халеп 3:6, 6:3, 7:6 (7:5) есебімен есе қайырған-ды.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисші алға кеткенімен, Халеп камбэк жасады. Сосын аса тартысты тай-брейкте шеберлік танытты – 7:6 (13:11).

Екінші сетте де Рыбакина 3:0 есебімен алға шыққанымен, румыниялық спортшы таразы басын тағы теңестірді – 3:3. Есеп 4:4 болған мезетте Елена тағы бір брейк жасап, сетті эйспен бітірді – 6:4.

Үшінші, шешуші партия басында Рыбакина брейк жасағанымен, тәжірибесі мол Халеп сол бойда қарымта қайырды – 1:1. Қазақстандық теннисшінің шаршағанын әрі ұрымтал сәттерді тиімді пайдаланған ол есепті 4:1-ге жеткізді. Сосын матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.

Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 14 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 7 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Халеп ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингте 27-сатыдағы ресейлік Дарья Касаткинаның біреуімен таласады.

Осылайша АҚШ ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалмады.