30 тамызда басталатын US Open турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жекелей сында әйелдер арасындағы жарысқа Қазақстаннан төрт теннисші қатысады.
Еліміздің бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 99-орында тұрған Беларусь өкілі, тәжірибелі спортшы Александра Сасновичпен кездеседі.
Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 70-орындағы, тағы бір тісқаққан ойыншы, 36 жастағы эстониялық Кайя Канепимен күш сынасады.
Рейтингте 110-орында тұрған Зарина Диясқа әлемнің 73-ракеткасы, жуырда 20 жасқа толатын америкалық Аманда Анисимова қарсылас атанды.
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, рейтингте 449-сатыдағы тәжірибелі Ярослава Шведова әлемнің 98-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің US Open турнирінің іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 134-сатыдағы германиялық Янник Ханфманның шамасын байқап көреді. Егер М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында қарсыласын ұтса, негізгі додаға ол да қосылады.