Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик US Open турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы «Үлкен дулыға» додасының 31-ракеткасы болып тіркелген Бублик екінші айналымда америкалық Джек Сокпен кездесті.
Сок – қазіргі кезде рейтингте 184-орында тұрғанымен, бұдан төрт жыл бұрын сегізінші сатыға дейін көтерілген тәжірибелі ойыншы.
Қарсыластардың бұған дейін жолдары тоқайласпаған.
Бірінші сетте тай-брейкте америкалық спортшы әбжілдік танытты – 7:6 (7:3). Екіншісінде Бублик сондай тартысты геймде есе қайырды – 7:6 (7:2).
Үшіншісінде Сок 6:4 есебімен қайта алға шықса, төртіншісінде қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 6:4.
Шешуші, бесінші партияда корт иесі жеңіске жетті – 6:3.
Бублик 3 сағат 32 минутқа созылған матч барысында 40 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Д.Соктың еншісінде – 6 эйс, 7 брейк (17 брейк-пойнт).
Осылайша АҚШ ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды. Ол үшінші айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен ойнайды.