Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик US Open турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы «Үлкен дулыға» жарысының 31-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 134-орында тұрған германиялық Янник Ханфманмен өткізді.
Бірінші партияда Бублик қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Екінші сеттің жетінші геймінде Бубликтің доп берудегі қателіктерінен кейін германиялық спортшы брейкпен алға шықты – 4:3. Бұл сетте сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Ханфманн үшінші партияны брейкпен бастады – 2:0. Бұдан кейін өз геймін аса бір қиындықпен алған Бублик қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді – 2:2. Осы қарқыннан таймай, қатарынан алты геймге қол жеткізді – 6:2.
Төртінші сетте қазақстандық теннисші брейк жасап, алға кетті – 4:1. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчты эйспен бітірді – 6:1.
Қазақстандық спортшы 1 сағат 51 минутқа созылған матчта 18 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың сегізін мүлт жіберген жоқ. Ханфманн 6 эйс, 2 брейкпен (13 брейк-пойнт) ғана шектелді.
Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 69-ракеткасы, жапониялық Есихито Нисиока немесе рейтингте 184-сатыдағы америкалық Джек Соктың біреуімен таласады.
Өткен жылы АҚШ-тың ашық чемпионатында Бублик алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 110-орындағы Зарина Дияс бірінші матчында әлемнің 75-ракеткасы, жаздың соңғы күні 20 жасқа толған америкалық Аманда Анисимоваға 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған ойында Зарина бірде-бір эйс жасай алған жоқ. 2 брейк-пойнттың екеуін де пайдаланды. Анисимова 3 эйс, 5 брейкке (12 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша US Open додасында жекелей сында Қазақстаннан Александр Бублик пен Елена Рыбакина ғана қалды. Елена екінші айналымда франциялық Каролин Гарсиямен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның US Open турнирінде жеңіліп қалғанын, Елена Рыбакинаның жеңіспен бастағанын, Михаил Кукушкиннің екінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ярослава Шведова қарсыласына есе жіберді.