«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атомдық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов компанияның қазіргі ахуалын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде біз жедел шаралармен қатар, саланы дамыту, компания құнын арттыру бойынша ұзақ мерзімді міндеттерді де атқарып жатырмыз. Еліміздің уран запасына деген түбегейлі жаңа қарым-қатынас жөнінде де жұмыс істеудеміз. Сізге баяндағанымдай (Нұрсұлтан Назарбаевқа - ред.), уран запасына сіз «Қазатомөнеркәсіпке» басқаруға сеніп тапсырған актив ретінде қараймыз. Бұл активтерді ұзақ мерзімді барлық стейкхолдерлердің табысын арттыру мақсатында басқаратын боламыз», - деді Ғ. Пірматов Елбасы төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысында.
Спикердің айтуынша, Қазақстан - әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел және уран бағасы да айтарлықтай өскен.
«Биыл уран бағасы 40 пайызға қымбаттап, компаниямыздың нарықтағы жағдайын жақсартуға және қаржылық мүмкіндіктерін нығайтуға мүмкіндік берді. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, еш қысқарту мен жұмыстан шығаруға жол берілмеді», - деді Ғ. Пірматов.