Бүгін Жезқазған қаласында браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Қаныш Нұртазиновты соңғы сапарға шығарып салды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарақшылардың оғы өмірін қиған табиғат қорғаушысымен қоштасуға марқұмның туыстары мен достары, әріптестері, жерлестері жиналды. Қанышты ақтық сапарға шығарып салу кезінде жиналған қауым ол әділеттілік пен заңды әрдайым алға қойған ержүрек жан болғанын айтты.
«Елбасы мен Президент атынан, барлық қазақстандықтардың атынан Қаныш Нұртазиновтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Мемлекет басшысы осы қайғылы оқиғаны білгеннен бетте қылмыстық істі тергеуді жеке бақылауға алып, ішкі істер министріне тиісті тапсырмалар берді. Қаныш бізге Отанға деген батылдық пен адалдық, қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлық үлгісін көрсетті. Біз экология министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге осы қайғыға барлығыңызбен бірге ортақтасу үшін келдік», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаныш Нұртазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Президент атынан облыс әкімі қаза болған қорықшының жұбайына мемлекеттік награданы табыс етті.
Қаза тапқан аңшы инспектордың отбасы материалдық көмек алады. Ерлан Қошанов сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша батырдың ерлігі мәңгі есте қалатынын айтты. Ұлытау ауданында Қаныш Нұртазиновтың есімі көшелердің біріне беріледі.
«Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қайғыға ортақтасып, шынайы көңіл айтып жатыр. Осындай ермінезді азамат тәрбиелеген ата-ана, туған-туыс, жанұясына шексіз алғыс айтамыз. Артынан қалған анасына, жұбайына, бес баласына Алла қуат беріп, мейірімін төге көр дейміз... Қаныш Серікұлы қазақ даласының символы ақбөкендерді және көркем табиғатымызды қорғауда өзінің қызметтік міндетін адал орындап шықты. Нағыз ерлік көрсетті.... Өкінішке орай, мұның барлығын осындай жағдайда айтуға тура келіп тұр. Енді барлығына Алланың қалауы», - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Марқұм қорықшы 43 жаста еді. Әскерден кейін заң білімін алып, Қаныш өз өмірін тәртіпі қорғау саласымен байланыстырған. Бірнеше жыл туған ауылында учаскелік инспектор болып жұмыс істеді. Үш жыл бұрын ішкі істер органдарынан отставкаға шыққаннан кейін, табиғат қорғау қызметіне ауысқан.
Жерлесінің қаза болғаны туралы тараған қайғылы хабар әрбір қоскөлдіктің қабырғасын қайыстырды. Ауыл тұрғындары оны жеке қайғысы ретінде қабылдап, Қаныштың отбасын қолдау үшін бірігіп, көмектерін аямады.
«Біздің ауыл шағын. Біз бәріміз бір-бірімізді білеміз. Каныш керемет, мейірімді және ақжарқын адам еді. Оны барлығымыз құрметтеуші едік. – Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қанышымыздың туғандары және ауылдастарымен бірге қайғымызға ортақтасып, көңіл айтқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Марапаттау туралы шешім дұрыс және әділ деп санаймыз. Әрине, бұл баллалар үшін әкесінің, әйеліне жұбайынын орнын толтырмайды. Бірақ оларды осы бір ауыр қасіретімен жалғыз қалмағанан көрсетуде. Қорықшылық жұмыс өте қауіпті және мемлекет деңгейінде адам өмірін қорғау үшін шаралар қабылдау қажет», - дейді Қоскөл тұрғыны Хамзат Жаналинов.
Қоштасу рәсімінен кейін бақилық болған қорықшының денесін туған жеріне апарып жерледі.
Айта кетейік, Ақмола облысы Жарқайың ауданын барлау кезінде "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалған болатын. Салдарынан Нұртазинов Қаныш қаза болып, қорықшының артында төрт баласы қалды. Ішкі істер министрі инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланғанын хабарлады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қаза тапқан инспектордың туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы қаза тапқан қорықшының отбасына көмек көрсетілетіндігін атап өтті. Мемлекет басшысы қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Нұртазинов Қаныш Серікұлы мен Оспанов Самат Қошбергенұлын ордендермен наградтаған еді.