Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта аңсаған азаттығымызды өзіміз көбірек қызықтап, өз қазанымызда өзіміз көбірек қайнап қалдық. Экономика мен саясатқа көбірек көңіл бөлінді. Әдебиетке назар аудару жағы кенжелеп қалғанын да жасырмаймыз. Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан кейін әдеби де, мәдени де өмірімізде үлкен серпіліс пайда болды.
Былтырдан бері қарай Қазақстан Жазушылар одағының тікелей бастамаларымен қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікке шығару бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асып келеді.
Былтырдың өзінде Нұр-Сұлтан қаласының жиырма жылдығына арналған халықаралық поэзия фестивалі, Еуразия жазушыларының форумы, сондай-ақ биыл тарихтан белгілі ұлы Жібек жолы бойындағы астаналар қаламгерлерінің форумы өтті. Оған 25 елден ақын-жазушы қатысты. Мұның бәрін біз неге айтып отырмыз, аталған ауқымды шаралардың барлығы алда келе жатқан тұңғыш халықаралық Азия қаламгерлерінің І форумына дайындық есебінде болды десек қателеспейміз.
Ел тарихына үңілсек, осыдан тура 46 жыл бұрын сонау Кеңес өкіметі тұсында Азия-Африка жазушыларының 5-ші конференциясы Алматы қаласында өткен болатын. Бұл форумның ол форумнан басты ерекшелігі де сол, өткен кезеңде ол конференцияға тек қана социалистік-демократиялық республикалардың қаламгерлері шақырылған болатын.
Бұл жолғы жиында ондай саяси шектеулер мүлдем болмайды. Біз Азияның 44 мемлекетінің барлығына шақырту жібердік. Солардың ішінен 38 мемлекеттен 80-ге жуық қаламгер елімізге келіп, форумға қатысуға ықылас танытты. Әрине шақыртуымызға үн қатпаған елдер де бар, оларды атап айтуға да болады. Айталық Шығыс Тимор, Бахрейн, Бутан, Камбоджа, Мальдив сияқты елдердің қаламгерлерімен өкінішке қарай, байланыс орната алмадық.
Жалпы, келетін қонақтардың тізіміне Нобель сыйлығының лауреаттарын да қосқан болатынбыз. Олардың кейбіреулері ірі көлемде қаламақы сұрады. Ондай қаражат төлеуге біздің жағдай көтермейтінін жасырмауымыз керек. Алайда Нобель сыйлығына номинант белгілі 3 ақын-жазушы аталған форумға қатысады. Олардың ішінде оңтүстіккореялық жазушы Ко Ынды ерекше атап кетуге болады. Сонымен қатар Нобель номинанты, Қатар жазушысы Моза әл-Малки де форумға құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Жалпы, осынау игі істің шымылдығын түріп, шараны ашып беруге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп күтілуде. Дайындық жұмысына Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин бастаған, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жұдырықша жұмылып, шараға мән беріп, қолұштарын созып отыр. Форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ шетелдік қаламгерді қабылдауы жоспарланып отыр.
Жалпы, жиында қозғалатын мәселелер негізінен «Қазіргі Азия өркениетіндегі әдеби панорама» тақырыбы айналасында өрбиді. Пікір алмасу мәжілісінде Азия әдебиеті және жаһандық мәселелер, Азия жазушысының бүгінгі қоғамдағы орны, Азия романдарындағы қазіргі заманауи тақырыптар, әлемдік әдебиеттегі Азия адамының бейнесі, Азия ақындары поэзиясындағы жаңа ағымдар және әдемдік әдебиетке әсері сияқты, әдебиеттегі жалғыздық тақырыптары, жоғалып бара жатқан жанрлар мен баяндау тәсілдері, қару мен қалам, даму мен сенім, жоғалған тілдер мен ұлттық әдебиеттер, тероризммен күрестегі әдебиет рөлі сияқты көптеген тақырып қаузалады.
Бұл тақырыптардың біразын біз ұсынып, кейбіреуін шетелдік баяндамашылардың өздері өтінді. Олардың материалдарын форум өткеннен кейін оқырман қауым назарына газет-журналдар арқылы ұсынатынымызды айта кеткен жөн.
Жалпы, форум қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының іргесінен ақындар аллеясы ашылып, форумға қатысатын қаламгерлердің екі томдық антологиясын жарыққа шығару жоспарлануда.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
"Егемен Қазақстан" газеті