Бүгінде Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың шулы пікіріне қатысты әңгіме қызып тұр. Аталған мәселе төңірегінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті аз-кем сөзге тартқан едік.
- Ұлықбек аға, өзіңіз білесіз, қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаевтың қазақ еліне қаратып айтқан мәлімдемесі қызу талқыға түсіп жатыр. Ұлттық мәселелерге үн қатып жүрген қайраткерлердің бірі ретінде бұл жағдай туралы не айтасыз?
- Маған президент Алмасбек Атамбаевтың бұл мәлімдемесі бір жағынан «суға кетіп бара жатқан пенденің тал қармағанындай» болып көрінді. Егер ол таққан айыптарды өзіміздің қазақ оппозиционері айтып жатса бір сәрі. Оны түсінер едім. Ал бұл кісі басқа мемлекеттің ең жоғары дәрежедегі басшысы, ресми тұлға ғой... Екінші жағынан, өзі аға санап, демеу көріп, көмек сұрап, жәрдем алып, ұстаз тұтып, үзеңгілес жүрген әріптесін керек кезінде бүкіл БАҚ-тың көзінше бетіне жер-көкке сыйғызбай мақтап келіп, есегі судан өтіп алған соң, айнала бере сыртынан даттау, даурыға айыптау - халықаралық дәрежедегі саяси тұлға, аса мәртебелі ел басшысы тұрмақ, кез-келген салиқалы адамға, мейлі ол саясаткер болмай-ақ қойсын, кім-кімге де жарасатын қылық дей алмас едім...
Ол ел басшысы ретінде президентке сай орнықты, парасатты жауап бере алмады. Өзі бүге-шігесін біле бермейтін тарихқа ұрынып, сауат деңгейін де көрсетіп алды. Қазақстанның түпкі тарихы мен бүгінгі хал-ахуалын өз көзқарасымен түсіндіріп, тура бидің де егініне түспек болды, «Қазақстанды Шыңғысханның ұры-қары тұқымдары әлі билеп отыр» деген сүреңдегі жалпылама, дәлел-дерексіз дүдамал айыптар жапсырды да, шешендігіне сеніп, қағазға қарамай турап сөйлеймін деп, ыстық сорпадан аузы күйген сабырсыз сабаздың кебін киді.
- «Қазақ-қырғыз – бір туған» дейміз. Ал, Атамбаевтың «ақиқаты» ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қырғыз бен қазақтың арасына жік салғандай болмады ма?
-Атамбаев тақта отырса да бір кездегі митингішіл, міншіл мінезінен арыла алмаған сияқты. Алматының экономикалық жағдайы мен Қырғызстанның жағдайын салыстыру Атамбаевтың атын мөңкітіп жіберді. Тегінде Қазақстан басшысы мұндай салыстыруларға бармауы керек еді, бірақ барды, өйткені - оның айтқан сөзінде бәрібір бұлтартпас шындық жатқаны –факт! Ал мұндай бұлжымас фактіні біз ғана емес, Атамбаев та мойындай білгені дұрыс еді. Бірақ олай болмады. Ол байыбына бармастан, шындық сөзге шыдай алмай, шарт кетіп, шамкөстік танытты. Мұндай тыз етпе етқызулығымен ол біріншіден, ақиқаттың бетіне тура қарай алмайтынын көрсетті. Екіншіден, мұнысының «мен кеткен соң күл болмаса бүл болсын» дегендей, бірге туған көршілес екі елдің арасына от салатындай әрекет екенін сезе, көре білмеді. Қазақ-қырғызда «қайтып ашар есігіңді қатты жаппа» деген сөз бар. Осыны ескермеді.
Негізі, өзінің сәтсіздігін басқаға жабу, өзінің жолы болмауын бөгдеден көру, өз кемшілігі үшін өзгені кінәлау - психологияда типтік жағдай ретінде қаралады. Және «проекция» деген аты бар. Демек, Атамбаевтың бұл қылығын - президенттік проекция деп атауға болады.
Ал, кешегі баспасөз өкілдерімен кездесуінде «Айқын» газетінің басшысы Нұртөре Жүсіпке берген телесұхбатында біздің Елбасының: «Президенттер келеді, кетеді, екі халық қалады. Біздің бір туған бауырластығымыздан айырмасын» дегеніне ден қойдым.
Тарихы терең, діңі мықты, Манастай, Шыңғыстай ұлы перзенттер туғызған түбіміз бір Қырғыз халқы – кімнің дос-туыс, кімнің қас екенін жақсы біледі.
Айыпшыл Атамбаевтан аталы сөз шықпады екен деп, егіз еліміз «ит көрген ешкікөздене» (Абай) қоймайды деп білемін.
- Сіздің шығармашылығыңыз қырғыз оқырмандарына жақсы таныс. Өлеңдеріңіз қырғыз тілінде сөйледі, атақты Сүйінбай Ералиев, Сауранбай Жусуев, Әкбар Рысқұлов, Түгелбай Қазақовтардың қотармасымен бірнеше кітабыңыз шықты, сол елдің Байдiлда Сарноғаев атындағы Тәуелсiз халықаралық сыйлығына ие болып, Алтын медалін алдыңыз. Қырғыз Поэзия академиясының мүшесі, Қырғызстан Жазушылар одағының құрметті мүшесі деген атағыңыз да бар. Қырғыз-қазақ әдеби байланыстарына мұрындық болып жүрген жанның бірі ретінде айтыңызшы, мұндай саяси тартыстар екі елдің барыс - келіс, алыс - беріс қарым-қатынасына нұқсан келтірмей ме?
-Бұл жерде екі елдің арасынан саяси тартыс көріп тұрған жоқпын. Тіпті экономикалық қарым-қатынасымызға да селкеу түсе қоймас. Атамбаевтың аптығы біздің Амантай қажының «Аттанынан» асып тұрғаны шамалы. Оның айтқаны - сайлау алдындағы науқаншылдың салмақсыз сөзі болып қалмақ. Өйткені, бұл жөнінде қырғыз жұртшылығы, зиялы қауымы әлеуметтік желілерде бүкпесіз ашық айтып-жазып жатыр. Тіпті Атамбаевтың өзінің бұрын айтылмай келген «мысықкөмбелерін» ашып, әшкерелей бастады.
- Демек, саяси оқиғалар әдеби һәм мәдени қарым-қатынастарға сызат түсіре алмайды дейсіз ғой?
- Әрине, екі елдің ежелден келе жатқан әдеби-мәдени байланыстары нығая түспесе кеми қоймас. Қаламгерлеріміздің де өзара достығына селкеу түсуі мүмкін емес, бұрынғыша жалғаса бермек.
Бір ғана мысал. Алысқа бармай-ақ қояйын. Кеше ғана қырғыз ақыны Мархабай Ааматов деген досымыз біздің Қасымхан Бегмановқа хат жазып, «Қытай елінде қырғыз тілінде Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» жарық көріпті, сол кітапты енді Бішкектің «Улуу тоолар» баспасы қайта басып шығармақшы» дей келіп, сол үшін түпнұсқамен салыстыруға қазақша кітабымды бір апта ішінде жеткізіп беруді сұрапты. Селкеу түссе сөйтер ме еді?
Сұхбаттасқан: Шерхан Талапұлы