10 қаң, 2019 сағат 10:54

Ұлы Сирияда көз жұмған ана келіні мен немерелерінің тағдыры туралы айтты

Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны Ботагөз Мақатова Сирияға кетіп, сонда мерт болған ұлы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сирияда менің ұлым болды. 2 жыл бұрын қаза тапты. Қазір ол жерде менің келінім мен үш немерем жүр. Қазақстанда 120 ана өзінің балалары сол жақта жүргенін айтуда. 10 ананың балалары мен туыстары қазір Сириядан келгендердің қатарында. Менің келінім әлі сонда. Көптеген азаматтар қазір ол жақта қоршауда қалып отыр. Бүгінгі таңда олар сол қоршаудан шыға алмауда. Бізге олардың сол қоршаудан шыққаны хабарланғанымен, жетуі тиіс жерге дейін жете алмай жатқаны айтылып жатыр. Олар сол жерге жаяу келе жатқан көрінеді. Қақтығыс орын алып жатқандықтан, олар еркін шыға алмай жатыр. Себебі, аумақтардың көбінде миналар қойылған», - дейді Ботагөз Мақатова ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол бүгінгі күні келіні және немерелерімен ватсап арқылы хбарласып отырғанын айтады.

«Әу баста менің ұлым дінді толық түсінбегендіктен сол жақтан бір-ақ шыққан. Балаларының бұл жерде түк қатысы жоқ. Себебі, немерелерім өзінің ата-анасымен кетіп қалған. Біз соларды қайтарғымыз келеді. Олардың бәрі де Қазақстан азаматтары. Олардың бәрі де дінді білмегендіктен өмірден адасып кеткенін, осындай жайға тап болғанын түсініп отыр», - дейді ол.

Сәтпаев қаласының тұрғыны ұлының Сирияға кетіп қалатынын өзі білмегенін айтты.

«Ұлым оқуға бара жатқанын айтқан еді. Ақыры, жарты жылдан кейін Сирияда болып шықты. Ұлым 2012 жылы кетіп қалған. Колледжде үшінші курста оқып жүрген кезі болатын. Ол менен тек намаз оқуға рұқсат сұрады. Біз ол кезде мұндай жағдаймен бетпе-бет келетінімізді сезген жоқ едік. Әу баста қарсы болып, бұл қадамға әлі жасың сай келмейді дестік. Армияға барып келгеннен кейін көр дедік. Бәлкім, рұқсат бергеніміз қате де болған шығар, бірақ мен оны өзім жіті бақылап жүрген едім», - дейді Ботагөз.

Оның айтуынша, ұлы бір досымен бірге Алматыға тауар алуға кетіп қалған. Сол күйі оралмапты.

«Ұлым сол жаққа кетіп қалғаннан кейін комитетке оны қайтару туралы өтішін жаздым. Бірақ, ол кезде қандай шара қолдану керектігін ешкім де білмеп еді. Ұлымның сол жақта Ақтөбенің қызына (қазақ қызына) үйленгенін білдім. 2016 жылы ұлым қайтыс болды. Қандай жағдай болғанын білмеймін. Әйелі оның жерленіп жатқаны түсірілген видеоны жіберді. Ол жақта соғыс болып жатқанда мен қалайша оны алып кетер едім...», - дейді Ботагөз.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.

Сонымен бірге, бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев «Жусан» операциясынан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды Отанына қайтару жұмыстары жалғасатынын хабарлады.