24 қар, 2022 сағат 11:38

«Улы сілекейін шашып жүр»: Мұхтар Құл-Мұхаммед Соловьевке жауап берді


Сенатор, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед "Россия 1" телеарнасында журналист Владимир Соловьевтің Қазақстан туралы айтқан мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Соловьев әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан нон грата алған адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдерді көш бастап келеді. Сондықтан ол ыза-кектің буынан елдің бәріне жармасып, улы сілекейін шашып жүр. Бұрын «Россия 1» бірінші арнасында Алматыға бомбаларды «тастап жіберу» туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы – Мемлекеттік Думаның депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді.

Баршаға деген жеккөрушілік кесірінен ол көбінесе өзеуреп өзі сөйлейді және бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейді. Оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болады" - дейді Құл-Мұхаммед.

Сенатор ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің «келесі проблема Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген сөзінен біздің елімізге тікелей қатер төндіру анық байқалып отырғанын атап өтті.

"Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-да бізбен бірге тұрған өзімізге дос Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде көрсетілмесе, дүдәмал сарапшы-фантаст Дробницкий-Жуковтың пікіріне назар аудармас едік. Ресейлік саясаткерлердің осындай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде жалғасып келе жатқандықтан, олар Ресей Федерациясының федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық.

Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекет болып келеді. Соловьев пен сол секілді саясаткерлер шынайы шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келді" - деп түйіндеді Мұхтар Абрарұлы.