Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты дене шынықтыру және спорт істері жөніндегі комитет Ұлттық Олимпиада комитетімен арадағы келісімшартты тоқтатады. Бұл ақпаратты комитеттің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Келісімшартты бұзу туралы құжатқа комитет төрағасы Самат Ерғалиев қол қойып, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетіне жіберген. Екі жақты шартты тоқтату туралы шешім президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қабылданды.
Құжатқа сәйкес, келісімшартты бұзу датасына дейінгі шығындар комитеттің есебінен өтеледі. Соның ішінде ҰОК қызметкерлерінің жалақысы, кеңселер мен қоймаларды жалға алу ақысы, банк қызметтері, федерацияның сервистік қызметтері және басқа жерде ұйымдастырылған шаралар бар. Бұның барлығы қаңтар-наурыз айлары бойынша қаржылық және спорттық күнтізбеге кіреді.
"Басқа шығындар қаржыландыруға жатпайды", – делінген құжатта.
Бүгінде комитет келісімшарт бойынша ҰОК-қа 800 миллион теңгені аванс ретінде аударып берген. Қалған ақша атқарылған жұмыстар туралы актілер түскеннен кейін аударылады. Осылайша, 1 сәуірден бастап Ұлттық Олимпиада комитеті спортқа бөлінетін мемлекеттік қаржыға иелік етпейді.
Айта кетері, Тұңғыш Президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарады. Бұған дейін ол "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы өкілеттілігін өз еркімен тапсырған болатын.