29 қыр, 2021 сағат 18:25

Ұлттық олимпиада комитеті Баландиннің Токиодағы сәтсіздігі туралы пікір білдірді


Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков жүзуші Дмитрий Баландиннің Токиодағы сәтсіздігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Спортшыларды Олимпиадаға дайындау жоспары 4 жылдық циклге есептелген. Бірақ пандемия салдарынан жоспар бұзылды. 160-тай ірі халықаралық жарыстың уақыты ысырылып, болмай қалды. Кейбір спорт түрі бойынша жаттығу кезеңі 6 айға толықтай тоқтап тұрды. Олимпиада қарсаңындағы спорт жарыстарының маңызы зор екенін айту керек. Соның қорытындысы бойынша оқу-жаттығу процесіне қажетті түзетулер енгізілетін. Бапкерлер пандемияның құбылмалы шектеулері мен локдаун жағдайында икемді шешім іздеуге мәжбүр болды. Өкінішке қарай, ол шешімдердің бәрі шетінен табысты бола қойған жоқ. Бұл кейбір спорт түрлері бойынша үміткерлерді дер бабына жеткізуге кедергі болды», - деген ҰОК бас хатшысы ел медаль күткен Дмитрий Баландиннің Жапониядағы жарысқа қалай дайындалғанын мысалға келтірді.

«Чемпиондар мен кандидаттарды Олимпиада алдында дайындау әрдайым арнайы жоспар бойынша, арнайы жағдайда ұйымдастырылатын. Бұл жерде Дмитрий Баландин бастаған жүзгіштер командасы ұзақ уақыт АҚШ-қа жіберілгенін айтуға болады. Жастар нәтиже көрсете де бастаған. Тіпті жаңа лицензиялар мен чемпиондар болады деп үміттене бастағанбыз. Бірақ пандемия басталып, спортшылар елге қайтарылды», - деді Андрей Крюков.