19 нау, 2024 сағат 12:46

Ұлттық нақышта безендірілген мерекелік пойыздар жолға шықты

Фото: «Қазақстан теміржолы» АҚ баспасөз қызметі


Наурыз мейрамы қарсаңында елордалық вокзалдардың перронынан этникалық стильде безендірілген пойыздар рейске шықты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» «Қазақстан теміржолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Олар:
№3/4 "Астана-Алматы",
№85/86 "Астана-Шымкент
№7501/7502 "Астана-Павлодар" бағыттарындағы пойыздар.
"Жолаушыларды ұлттық киім киген жолсеріктер қарсы алды", - деп атап өтті компания.


Жолаушылар мен шығарып салушылар үшін домбырашылар қазақ халқының мәдениетінің басты символы – домбыраның сүйемелдеуімен ән салды.


Сонымен қатар, әрбір жолаушыға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын еліміздің ұлттық тағамдары "наурыз көже" мен "бауырсақ" ұсынылды.


"Елімізде аталып өтетін мерекелермен жолаушыларды құттықтау – компанияның жыл сайынғы дәстүрі", - деп атап өтті "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов.


Оның айтуынша, компания жыл сайын жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып, пойыздарды ерекше стильде безендіруді әдетке айналдырған.


Этникалық стильдегі пойыздар 2024 жылдың наурыз айының соңына дейін жүреді.


Айта кетейік, бұл мерекелік акция еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі.