23 қыр, 2025 сағат 17:37

Ұлттық экономика министрлігінде Бизнестің цифрлық картасы таныстырылды

Фото: ҚР ҰЭМ

Ұлттық экономика министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары – министр Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Бизнестің цифрлық картасы таныстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген жаңа жүйе – дэшбордтары, болжамды модельдері мен ашық статистикасы бар ақпараттық-талдамалық платформа. Ол кәсіпкерліктің қазіргі ахуалы туралы деректер ұсынып, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалауға, инвестициялық белсенділікті сараптауға мүмкіндік береді.

"Атамекен" төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, жоба мемлекеттік және ведомстволық деректер базасымен интеграцияланады. Бұл бизнес ортаның дамуына қатысты объективті талдау жасауға жол ашады. Жоба 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясында жүзеге асырылуда және толықтай "Атамекен" тарапынан қаржыландырылады.

Жаңа карта кәсіпкерлерге өңірлік басымдықтар, инвестициялық жобалар, нарықтағы сұраныс, сондай-ақ бизнес жүргізуге қойылатын талаптар жөнінде толыққанды ақпарат береді. Бұл деректер кәсіпкерлерге жаңа бағыттарды анықтап, тиімді даму стратегиясын құруға көмектеспек.

Ал мемлекет үшін цифрлық карта басым салаларды мониторингілеудің, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың, сұраныс пен ұсынысты талдаудың, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бақылаудың құралына айналмақ.

Бүгінде шағын және орта бизнес еліміздің ЖІӨ-нің 40%-ын қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтудың жартысына жуығын құрап отыр. Бизнестің цифрлық картасы осы үлесті арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Қазіргі таңда "Атамекен" ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесіп, картаны QazTech платформасына енгізу жұмыстарын пысықтап жатыр.