12 қаз, 2016 сағат 11:39

Ұлттық банк теңгенің бұрынғы портреттік сериясын шығаруға қарсы емес

Бүгін Астанада өткен «Теңге - тәуелсіз Қазақстанның валютасы» тақырыбындағы конференция аясында журналистерге сұхбат берген ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиева, қазақ халқының ұлы тұлғалары бейнеленген теңгенің алғашқы сериясын қайта шығаруға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Банкноттардың алғашқы сериясында портреттер болды. Артынан ол серия жалғасты. Бірақ теңгелердің басым бөлігінде Әл-Фарабидің портреті басылды. Одан кейін Бәйтерек, сосын қазіргі айналымда жүрген «Қазақ елі» деген серия шықты. Біз оны «Самұрық» сериясы деп атаймыз», - дейді Д.Ғалиева.

Осы орайда журналистер «Бұрынғы портреттік серия қайта шығарылуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойды.

«Шыны керек, портреттік серияны адамдар жақсы қабылдайды. Неге? Себебі ондай банкноттар халыққа жақын, ондай ақшаға деген азаматтардың сенімі мықты болады. Бұл - менің жеке пікірім. Ал портреттік серияны шығару, я болмаса, шығармау мәселесі дизайнерлерге байланысты. Біз олардың ұсынған үлгілеріне қараймыз», - деп атап көрсетті Д.Ғалиева.