Теңге бағамы ең алдымен Қытайдағы, Ресей мен ЕАЭО-ның басқа елдеріндегі валюта бағамына байланысты құбылып жатыр. Сондықтан ұлттық валютаның қазіргі өзгерісін девальвация деп атауға болмайды.
Қор биржасында доллар бағамы шамамен 5 теңгеге көтерілді. Осыған байланысты Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов Үкімет кулуарында түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2015 жылы тамыз айынан бастап теңге еркін айналымға жіберілді. Сондықтан теңге бағамына Ұлттық банк әсерін тигізе алмайды. Курсты ұсыныс пен сұраныс анықтайды. Егер спекуляция болмаса, ұлттық банк араласпайды. Сондықтан бәрін сұраныс пен ұсыныс анықтайды. Біздің сауда серіктестеріміз Ресейде, Қытай мен ЕАЭО-да, ең алдымен бұл елдердегі валюта бағамы әсер етеді», - деді Алпысбай Ахметов.
Журналистер доллардың KASE-де 5 теңгеге көтерілгенін айтқанда Ұлттық Банк төрағасының орынбасары «Бүгін KASE-де? Мен таңертеңнен бері осындамын, ондай ақпарат болмады» - деп жауап беріп, мұның теңгенің құнсыздануы емес екенін атап өтті.
«Егер сіздер Ұлттық банктің сайтына кірсеңіздер, біз апта сайын дамушы нарықтар валютасы қалай құбылып жатқаны туралы ақпарат шығарамыз. Онда Бразилияның, Мексиканың валютасын, түрік лирасының бағамын көре аласыздар. Оларда валюта бағамы 4 пайызға дейін құбылып тұрады. Сондықтан бұл - девальвация емес, тек валюта бағамының ауытқуы. Ұлттық банк интервенция істемейді. Егер де іргелі факторлар дұрыс болса, егер де сауда-саттық алып-сатарлық болмаса, сұраныс пен ұсыныс іргелі факторға байланысты болса, Ұлттық Банк интервенция істемейді. Бұл - 2015 жылы тамызда шешілген мәселе», - деді Алпысбай Ахметов.
Айта кетсек, Қазақстан қор биржасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы бүгін 324,62 көрсетті. Осыған дейін 319-320 болатын.