Ұлттық банк көбелекке және құрақ көрпеге арналған коллекциялық монеталарды айналысқа шығарды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ҚР ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк 27 қарашада номиналы 500 теңгелік күміс «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «Quraq kórpe» коллекциялық монеталарын және номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Kόbelek. Lasiommata maera» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды.
«Quraq kórpe» төсенішінің тарихы ежелден бастау алады. Ол қалыңдықтың жасауына дайындайды. Уақыт өзгереді, бәрімізге таныс әженің көрпесін қолдану да өзгереді. Алуан түрлі ою-өрнектер, кемпірқосақтың барлық түсі – осының бәрі қазақ көрпесі, қолдан жасалған құрақ көрпе» делінген хабарламада.
Монеталар түрлі түсті басу технологиясын қолдана отырып күмістен жасалған. Тиынның аверсінде орталық бөлігінде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбаның қоршауында Елтаңбасы орналасқан. Монетаны айналдыра – ұлттық ою-өрнек салынған. Монетаның реверсінде қолдан жасалған құрақ көрпенің бейнесі, «Quraq kórpe» деген жазу, соғылған жылы және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан.
Монеталар 925/1000 сынамалы күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 1 500 дана.
Номиналы 200 теңгелік «Kόbelek. Lasiommata maera» монета «Мера барқыты» көбелегіне арналған. Ол Қазақстанның тауларында, Кіші, Орта және Орталық Азияда, сондай-ақ солтүстік Африкада, Еуропада және Батыс Сібірде кеңінен таралған. Латын тіліндегі түр атауы ежелгі грек мифологиясынан алынған және Атланттың қызы – Мерамен байланысты.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) оң жағында жануарлар мен өсімдіктерден құралған коллаж қоршауында Қазақстан Елтаңбасы, сол жақта Ұлттық банктің тауар белгісі (логотипі) және монетаның номиналын білдіретін «200 TEŃGE» деген жазба орналасқан. Монетаның сырт жағында (реверсінде) интерференциялық құбылмалы бейнелеуді және түрлі түсті басып шығаруды қолдана отырып көбелек бейнеленген, монетаның жоғарғы оң жақ бөлігінде «Kόbelek. Lasiommata maera» (латынша түр атауы) орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның атын және соғылған жылын білдіретін «Kóbelek 2019» деген жазба бар.
Номиналы 100 теңгелік «Kόbelek. Lasiommata maera» монетада осындай етіп әрленген.
Монеталар интерференциялық құбылмалы бейнелеу технологиясын қолдана отырып мельхиор қоспасынан дайындалған.
1) номиналы 200 теңгелік монета мельхиор қоспасынан, «рrооf-like» сапасымен дайындалған, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, таралымы – 5 мың дана;
2) номиналы 100 теңгелік монета мельхиор қоспасынан, «brilliant uncirculated» сапасымен дайындалған, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, таралымы – 20 мың дана.
Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.
Номиналы 500 теңгелік, 200 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті.
Күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Коллекциялық монеталарды «ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталарды Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ интернет дүкен арқылы сатып алуға болады.