Қазақстанда тауарлар экспорты бір жылда 32,2 пайызға ұлғайды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздегі тауарлар экспорты бір жылда 32,2 пайызға немесе 12,0 миллиард АҚШ долларына ұлғайып, 49,3 миллиард долларға жетті. Мұнай және газ конденсатының экспорты бағалардың, сол сияқты нақты жеткізу көлемінің өсуі, оның ішінде "Қашаған" кен орнында өндірудің басталуына байланысты өсуі есебінен 37,8 пайызға өсті. Қара және түсті металдар экспорты тиісінше 51,6 және 27,1 пайызға өскен.
"Экспорттық кірістердің өсуі шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің 2017 жылы 15,7 миллиард АҚШ долларына дейін 36,3 пайызға өсуіне ықпал етті, бұл кірістердің үштен көп бөлігі қазақстандық еншілес кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталды", - дейді банктің мамандары.
Сонымен қатар, елімізде тауарлар импорты бір жылда 13,1 пайызға ұлғайып, 31,8 миллиард доллар болды.