03 ақп, 2020 сағат 13:29

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді +/- 1 п.т. жылдық 9,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Инфляция 4-6% нысаналы дәліз шегінде сақталады. 2020 жылғы қаңтарда жылдық инфляция 5,6% болды. Азық-түлік тауарлар - 9,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,2%-ға, ақылы қызметтер – 1,4%-ға қымбаттады», - деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Тұтынушылық және инвестициялық сұраныс экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі 2019 жылғы қаңтар – қарашада 5,8% болды. Әлеуметтік қолдауға арналған бюджет шығыстары 2019 жылы 26,0%-ға ұлғайды.

Тұтынушылық кредиттеу 2019 жылы 26,9%-ға өсті. 2019 жылы инвестицияның кеңеюі 8,5% болды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,0%-ға өсті.

Әлемдік нарықта 2020 жылғы қаңтарда мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 63,7 АҚШ доллары болды, азық-түлік бағасының ФАО индексі 2019 жылғы желтоқсанда 2,5%-ға өсті.

Ресейдегі жылдық инфляция - 3%, ЕО елдерінде – 1,6% болды, бұл импортталатын тауарлар бағасының өсуін шектейді.

Проинфляциялық тәуекелдер бензинді сатуға акциздердің жоғарылау және реттелетін қызметтердің қымбаттау әсерінен қысқа мерзімді келешекте байқалатын болады.

Ағымдағы жылдың соңына дейін және орта мерзімді болашақта инфляциялық процестер біртіндеп әлсірей бастайды және жылдық инфляция нысаналы дәліздің орта деңгейі 4-6%-ке және 2020 жылдың соңына дейін одан да төмен деңгейге дейін баяулайды.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2020 жылғы 16 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жарияланады.

Еске салсақ, өткен жылы желтоқсан айында ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдаған болатын.