15 қаң, 2020 сағат 10:25

Ұлттық банк 2019 жылы теңгенің айырбас бағамы қалай өзгергенін айтты

Ұлттық банк 2019 жылға арналған валюталық саясаттың қорытындысын шығарды және 2020 жылы бағамның қалыптасуына әсер ететін факторлар туралы айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, 2018 жылмен салыстырғанда мұнайдың орташа жылдық бағасының төмендеуіне байланысты экспорттық түсімнің төмендегенін атап өткен жөн. Сарыарқа газ құбыры, Үлкен Алматы айналма жолы сияқты инвестициялық жобаларды іске асыру, мұнай өндіретін қондырғылардағы жабдықтарды жаңарту және ауыстыру импорттың өсуіне себепші болды, сәйкесінше шетел валютасына сұранысты арттырды», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Өткен жылы теңгенің айырбас бағамына сыртқы сауда қызметінің факторлары, яғни экспорт және импорт ағындары ғана әсер еткен жоқ.

«Жеке тұлғалардың шетел валютасына сұранысының өсуіне байланысты ішкі факторлар динамикаға айтарлықтай қысым көрсетті. Маусымда халық 1,3 млрд доллар көлемінде қолма-қол шетел валютасын сатып алды.Ұлттық банк елімізде маңызды саяси оқиғалардың болып жатқандығын ескере отырып, валютаға деген сұраныстың артуы мүмкін екенін білді», - дейді Ұлттық банк өкілі.

Оның айтуынша, 2019 жылы теңгенің шектеулі ұсынысымен өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында үлкен бөлігі әлсіреді. Биржадағы сауда-саттықтың 2019 жылғы көлемін алдыңғы жылындағы деңгейімен салыстырғанда көлемінің төмендеуі 25%-дан жоғарылау екені байқалды. Валюта бағамының құбылмалылығы төмендеді, бұл нарық қатысушылары мен сарапшыларының қосымша алаңдаушылығын тудырды.

«2019 жылдың аяғы мен 2020 жылдың басында теңгенің нығаюына қолайлы жағдайлар жасалды: негізгі импорттық төлемдер аяқталды, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығыстарын ішінара реттеу аясында мұнай бағасының өсуі, сонымен қатар негізгі сауда серіктестерінің және дамушы елдердің валюталары күшейтілді», - дейді Әлия Молдабекова.

Ол ұлттық валютаның құбылмалылығы жыл соңында қалыпқа келгені туралы айтып өтті.

«Ұлттық валютаның әлсіреуіне қатысты болжам өзін-өзі ақтамады және оған сенім түгесілді, бұл ұлттық валютаның әлсіреу тенденциясының қалпына келуіне ішінара әсер етті. Қазан айынан жыл соңына дейін теңге 390-дан 378-ге дейін немесе 12 теңгеге нығайды. 2019 жылдың қараша айының соңынан бастап біз шын мәнінде теңгенің нығаю тенденциясының өскенін байқадық, бұған экспорттаушылардың сатылымы және аз ғана болса да, жергілікті мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына шетелдік инвесторлардың түсуі ықпал етті», - дейді ол.

2015 жылдан бастап Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу саясатын жүргізіп келеді, ол еркін құбылмалы курспен жүреді.

«Біз бақылап отырған теңгенің динамикасы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі және теңгерімсіздігінің нәтижесі. 2019 жыл шетел валютасына деген сұраныстың жоғарылауымен ерекшеленді. Біздің ойымызша, бұл теңгенің белгілі бір деңгейде төмендеуіне әкелді», - дейді Әлия Молдабекова.

Теңгенің айырбас бағамына әсер ететін факторлар 2020 жылы өзгеріссіз қалады, бұл – мұнай, сауда серіктестерінің валюталары, төлем балансы, халықтан, бизнес пен квазимемлекеттік сектордан валютаға сұраныс және экспорттаушылардан ұсыныс және салық апталықтары.