50 мың теңгеге «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалін, ал 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын ала аласыз деп мәлімдеді бүгінгі өткен Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.
Депутат мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек деп отыр.
"Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің бейнесін танытатын символдық мән-мағынаға ие қастерлі ұғымдар. Елдігіміздің негігізгі нышаны — мемлекеттік рәміздерді терең тану мен қадірлеу – бүгінгі біздер үшін де, келешек ұрпақ үшін де аманаты үлкен парыз. Бірақ, рәміздеріміз бен мемлекеттік наградалардың атауын, кескінін, кейбір элементтерін қайталайтын түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шындық", - дейді Аманжол Әлтай.
Депутат дабыл қақпасқа амал жоқ деп отыр, себебі арзан атаққа алданғандар мен жеңіл жолмен пайда тапқыш, атақ сатқыштар көбейіп барады.
"Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медаліне, ал 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы» атағына ие боласыз. Сан ғасырлық елдік тарихымызда «Ұлт ұстазы» деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданатын едік, қазір «Ұлт ұстазы» деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академикгі бола саласыз", - дейді Аманжол Әлтай.
Аманжол Әлтай жұртты алаөкпе қылатын, өте қауіпті әрі қоғамды бүлдіретін үрдіске тосқауыл қоюға шақырды. Мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тиым салуды ұсынды.
Екіншіден, депутат рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер барын айтып, ең алдымен атауларды реттеуді талап етті.
"Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы тарихи пән. Яғни геральдиканың нысаны – тек қана гербтер. Ал, рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені «Геральдикалық зерттеу орталығы» деп емес, «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп аталғаны жөн", - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, рәмізтану нысанында мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады. Рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдерінің тәжірибесінде бар.
Осыған орай, Аманжол Әлтай рәмізтануды арнайы ғылым ретінде қалыптастыратын уақыты келгенін айтып, келесі ұсыныстарды жеткізді:
1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.
2. Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын «Ұлттық рәмізтану орталығы» деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
3. Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет.
4. Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
5. Мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталалайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.
"Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз", - деп түйіндеді сөзін Аманжол Әлтай.