07 қар, 2016 сағат 15:57

Ұлт мүддесі үшін құрылған ұлттық парк

- Катонқарағай ауданының аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру идеясы сонау 80-ші жылдардың соңында туындаған. Алайда, түрлі себептермен ол кейінге шегеріле берді.

Ақыры, Табиғат ресурстарын және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитетінің ұсынысы бойынша Үкіметтің 2001 жылғы 17-шілдесіндегі қаулысымен Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды, - деп бастады әңгімесін осы мекеменің бас директоры Ерлан Мұстафин. - Ұлттық паркті неге құрды дегенге келсек, қылқан жапырақты ағаштардың аяусыз кесілуі, оны облысты былай қойып, шет жаққа толассыз тасымалдап жатқандығы, орман өртінен, ондағы аң-құстардың қырып-жойылуы билік пен аудандағы ел-жұртты қатты толғандырса керек. Алғаш құрылған кезде ұлттық парктегі жоспарланған жер көлемі 436,7 мың гектар болатын. Соңғы 15 жылда оның көлемі 643 мың 477 гектарға ұлғайды. Оның ішінде 260 мың гектары мәңгі жасыл мың жылдық самырсын, балқарағай, қарағаймен көмкерілген. Ұлттық табиғи паркі үстіміздегі жылдың шілдесінде өзінің 15 жылдығын атап өтті.

Бас директордың айтуынша, соңғы уақытта ұлттық парктегі орманның көлемі 44 мың гектарға ұлғайған көрінеді. Оның ішінде сонау 2008 жылғы болған өрттен кейін (1,5 мың гектар) жанып кеткен ағаштардың орнына өсіп шыққаны бар, орман шаруашылығындағы инспекторлардың атсалысуымен егілгендері бар. Қазіргі кезде табиғи паркте 337 адам еңбек етеді. Оның 250-і - орманды қорғайтын инспекторлар. Бұдан бес жыл бұрын ұлттық парктің басшысымен тілдескенде, ол бірқатар проблемалар төңірегінде ой қозғаған. Ол кезде инспекторлардың жалақысы 30 мың теңге болатын, оның үстіне, өрт сөндіретін мәшін саусақпен санарлық еді. Қазір инспекторлардың жалақысы 60 мың теңгеге жеткен, тоғыз өрт сөндіру техникасы сақадай сай тұр. Басқа қажетті құрал-саймандар жеткілікті.

- Біздегі проблеманың бірі, - аудан халқының күрт азайып бара жатқандығы, - дейді мекеме басшысы Ерлан Қабылұлы. - Екі аудан біріккен 1997 жылы ауданда 54 мың халық тұрған көрінеді. Сенесіз бе, қазір қосылған екі аудандағы халықтың саны 27 мыңға әрең жетеді. Ауыл жастары қалаға үйір, ал ересектер жұмыс таба алмайды. Алайда, бізде керісінше, жыл сайын ұлттық парктің 50 шақты адамы жұмыстарын тастап кетеді. Олардың орнына басқаларды қабылдай алмаймыз. Себебі, қызметке келетіндердің мамандығы сай болуы тиіс, оның үстіне, бірнеше талаптар бойынша тестен өтеді. Мына бір мәселеге көңіл бөлейікші. Көктерек ауылында 14-29 жастағы 98 жас тіркелген екен. Зерттеу жүргізсек, олардың 20 шақтысы ғана ауылда, ал қалғандары Алматы, Өскемен, Астана қалаларында тұрып жатыр, тек тіркелген жері - біздің аудан. Ал жастарды оқытып, ұлттық паркке қызметке алайық десек, олар қиындыққа шыдамайды, түрлі сылтауларды көлденең тартып, жоламайды.

Бұл күндері мемлекеттік ұлттық табиғи паркте 10 орман шаруашылығы, осынша орманшылық бар. Парктің флоралық құрамы бай, онда жоғары сатылы мүктер, қыналар, саңырауқұлақ сияқты өсімдіктердің екі мыңнан астам түрі бар. Шөптесін өсімдіктердің арасында алтай желайдары, сібір у шырмауығы, тәтті жапырақты таспа, алтай қоңыраты жиі кездеседі. Парк қызметкерлерінің басты міндеті орманды көздің қарашығындай қорғау, сонымен бірге, табиғи парк аумағындағы аң-құс, құрып бара жатқан өсімдік түрлерін сақтау болып табылады. Еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген қар дәуаяғы, алтай рауғашы, алтай, сібір қандығы, ала күлтелі қызғалдақ, ірі гүлді және кәдімгі шолпанкебістер, алтай суықшөбі, таңдамалы плаун, алтай торсылдағы, дала шұғылығы, қызғылт семізот, марал түбірі, алтай қасқыржидегі тек Катонқарағай өңірінде өсетін ен байлық. Бұталардың 50-ден астам түрі ұлттық парк аумағында, олардың арасында таңқурай, қарақат, итмұрын, тобылғы, тал, бұта қайың, тағы басқалары бар.

Катонқарағай ұлттық паркінің фаунасы әртүрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда сүтқоректілердің 68 түрі, құстардың 280 түрі, қосмекенділердің үш түрі, бауырымен жорғалаушылардың алты түрі, сүйекті балықтардың тоғыз түрі және қоңыздар, көбелектер, инеліктер, өрмекші тектестерге жататын омыртқасыздардың 10 мыңнан астам түрі кездеседі. Ұлттық парктің аумағында мекен ететінд тұяқтылардың бес түрі - марал, бұғы, елік, күдір, таутеке саны соңғы кезде өскен. Ну орманның ішінен қасқыр мен түлкіні, қоңыр аю мен бұлғынды кездестіресіз. Сүтқоректілердің ең көп тобы - кеміргіштер. Оларға суыр, тиін, борша тышқан мен тоқалтістер жатады. Тайгада құстардан меңіреу құр мен шіл мекендейді. Ал самырсын құсы тайгадағы қалың орманға ұя салуға әуес. Бұта мен қалың шөп арасында сары торғай, сандуғаш, сарықас торғайлар да ұя сала беретін көрінеді.

- Ұлттық парк аумағында «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың бірнеше түрі бар, - деп сыр шертеді бас директор Ерлан Қабылұлы. - Бір ғана сүтқоректілердің төрт түрі: қар барысы, алтай арқары, тас сусары және Иконников жарқанаты, құстардың 30 түрі, олардың ішінде дөңтұмсық тұрпан, алшын, ителгі, балықшы тұйғын, бүркіт, қарақұс, үкі, сұр тырна, ақбас тырна, алтай ұлары, балықтың бір түрі - таймен (қызыл балық), омыртқасыздардың ішінде жәндіктердің екі түрі - Михайлов барылдауық қоңызы, былқылдақ денелілердің екі түрі - монахондос акулеаты және гастрокоптасы біздің өңірде ғана кездеседі. Тағы бір байлығымыз - ұлттық парк аумағында көркіне көз тоймайтын, табиғи және мәдени ескерткіштер - Мұзтау, Қаракөл көлдері, Көккөл сарқырамасы, Арасан сарқырамасы, Рахман көздері, Көккөл кеніші, Берел қорғандары, Австрия тұтқындары салған жолдар, Жібек жолының солтүстік тармағы орналасқан. Алыс-жақын шет елдерден келген туристер осы аймаққа барып, Кенді Алтайдың байлығын өз көздерімен көріп, ерекше әсерге бөленеді.

- Биыл күзде сіздің Оңтүстік Американың астанасы Лима қаласында өткен әлемдік симпозиумға барып, ағылшын тілінде баяндама жасағаныңызды естіген едік. Сол сапардан қандай ой түйдіңіз? - деп сұрадық парк басшысынан әңгіме арасында.

- Қазақстаннан симпозиумға мен ғана қатыстым. Қоршаған ортадағы ауа райының бүлініп бара жатқаны бүкіл әлем халықтарының алаңдаушылығын туғызып отырғаны белгілі. Неге ауа райы күрт өзгеріп, табиғат апаттары жиілеп кетті. Міне, Лима қаласында өткен алқалы жиында осы тақырыпта кеңінен сөз болып, ғалымдар мен табиғат жанашырлары, табиғи парктердің басшылары ой бөлісті. Мен өз баяндамамда Катонқарағай ұлттық паркі құрылғаннан бергі атқарылған шаруаларға тоқталып, қоршаған ортаны қорғауда орманды табиғат апаттарынан аман сақтап, өсімдіктер мен құстарды қорғау, оларды өсіру жайында айттым. Баяндама тартымды өткен сыңайлы, бірнеше елдердің мамандары турист ретінде келетіндерін білдірді. Қазақстанның шығысындағы Катонқарағай ауданында туризмді дамыту бағытындағы атқарылып жатқан істерге де тоқтала кеттім, - дейді парк басшысы.

ТУРИЗМ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ

Туризмнің экономика саласында алатын орны ерекше. Бір ғана Түркия мемлекеті қазба байлықтары болмаса да, туризм кластерін өркендету арқылы жылына 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда табады екен. Қазақстанда, оның ішінде Кенді Алтайда туризмді дамытуға ерекше жағдай жасалған. Табиғаты тамылжыған Катонқарағай ауданында соңғы жылдары осы бағытта бағдарламалар қабылданып, жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша «Алтын Алтай - аймақ дамуының басты байлығы» пилоттық жобасы басталды, ауданда туризмді дамытудың жол картасы жасалды. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына туристік және рекреациялық мақсатпен 4 мыңға жуық туристер келіпті. 

- Табиғаты тамылжыған, өзен-көлдері, фаунасы мен флорасы ғажап өңірде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол, - дейді парк басшысы Ерлан Мұстафин. - Біз туристерге тоғыз бағыт бойынша қызмет көрсетеміз. Оның жалпы ұзындығы 533 шақырым. Атпен, жаяу серуендеуге, альпинизмге, көлік, экологиялық және су маршруттарына қызығушылар көп. Бірнеше мысал. «Ақ Берел» бағытының ұзындығы 150 шақырым. Бір топта 15 адамға дейін болып, 4-10 күн бойы көрікті жерлерді аралайды. «Берел қорғандары» маршрутының қашықтығы небәрі 8 шақырым болса да, оны көрушілер қатары көбейіп келеді. Себебі белгілі, Берел қорығына барып, ондағы ашық аспан астындағы мұражайды (саркофаг) тамашалай алады. Қыркүйектің аяғында ол жабылады. «Алтай сілемдерінің» ұзындығы - 100 шақырым. Айта кету керек, барлық маршруттарды тамашалаушылар жол бойында демалып, тынығады, оларға қызмет көрсетіледі. Жол бойындағы киіз үйлерде тағам ішіп, салқын қымызбен сусындауға жағдай жасалған. Ғылыми-танымдық «Туған өлке», «Бұландыкөл көлі», «Сарымсақты» бағыты, жаңадан ашылған «Бұқтырма» маршруттары туристерге ұнайды деген сенімдемін, - дейді Ерлан Қабылұлы. 

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ерлан Қабылұлы бастаған ұйымшыл ұжым ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына осылайша толайым табыстармен келіп отыр.

Оңдасын Елубай,

Катонқарағай ауданы.