Фото: ұйымдастырушылардан
Жамбыл облысы Байзақ ауданында жаңа балалар ойын алаңы ашылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңы ашылды. Нысан «Асқақ рух – Еркін ел» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асқан «Үлгілі ауылға – үлгілі алаң!» әлеуметтік жобасының нәтижесі.
Үлгілі ауылында 3 мыңнан астам тұрғын бар. Бұл – балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі тиімді өткізуге арналған алғашқы арнайы кеңістік. Жоба «Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылы тұрғындарының азаматтық бастамаларын қолдау» бағыты бойынша іске асырылған.
Алаңның ашылу рәсіміне аудан әкімі, облыстық Азаматтық Альянс төрағасы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аналар кеңесі, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Олжас Баққараев ортақ іске ауыл тұрғындарының белсенді қатысқанын атап өтті:
«Қазақта ‘Қуанса — бала қуансын’ деген сөз бар. Бүгінгі балалар — ертеңгі елдің азаматы. Бұл алаң — жас буынға жасалған маңызды қолдау», — деді ол.
Облыс әкімінің кеңесшісі Исламбек Дастан жобаның тұрғындар ынтымағының арқасында жүзеге асқанын айтты. Оның сөзінше, жабдықтар 4,5 млн теңгеге сатып алынып, орнату жұмыстары ауыл белсенділеріне сеніп тапсырылған.
Жаңа алаң заманауи талаптарға сай жабдықталған: сырғанақтар, әткеншектер, ойын кешендері, карусельдер, құмсалғыш және қауіпсіз жабын орнатылған. Аумағы толық қоршалып, демалыс орындары жасақталған.
Алаңға алғашқы қадамды ауыл аналар кеңесі шашу-шашумен бастады. Ақжаулықты аналардың бұл рәсімі шараға ерекше ұлттық өң берді.
Тұрғындар мен ақсақалдар жобаға қолдау көрсеткендерге алғыс айтып, нысанды ұқыпты пайдалану қажет екенін атап өтті.
Алаң ресми түрде ауыл әкімдігінің балансына берілді. Енді оның күтімі мен қауіпсіздігі жергілікті атқарушы органның бақылауында болады.
Бұл жоба — Мемлекет басшысы атап жүрген балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясаттың ауыл деңгейіндегі нақты көрінісі.
