Фото: Риа Новости
Украина президенті Владимир Зеленский Liberation басылымына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздерде барлық тұтқындарды алмастыру және оқ атуды тоқтату мәселелерін талқылауды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Зеленскийдің айтуынша, егер Стамбұлда кездесу өтсе, ол тек символдық сипатта болмауы керек.
"Біз саяси жеңіспен шығуымыз керек – оқ атуды тоқтату, барлық тұтқынды барлық тұтқынға алмастыру немесе соған ұқсас нәтижемен", – деді ол.
Украина президенті келіссөздер нақты нәтиже беруі үшін, халықаралық делдалдар қажет екенін атап өтті. Өйткені:
"Ресей бізге сенбейді, біз де Ресейге сенбейміз".
Оның сөзінше, мұндай делдал АҚШ болуы мүмкін.
Зеленский сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздерге қатысса, бұл Путинді жеке өзі Стамбулға келуге итермелеуі мүмкін екенін айтты:
"Егер Путин келмесе, бұл оның толық жеңілісіндей көрінеді", – деді ол.
10 мамырда Украина мен оның еуропалық одақтастары Ресейге 12 мамыр, дүйсенбіден бастап 30 күндік оқ атуды тоқтату туралы үндеу жасады.
Бірнеше сағаттан кейін Ресей президенті Владимир Путин 15 мамыр, бейсенбіде Украинамен тікелей келіссөздер өткізуді ұсынды.
Президент Владимир Зеленский Путинмен жеке кездесуге дайын екенін айтты. Алайда Ресей тарапы әлі күнге дейін Стамбулдағы делегацияны кім басқаратынын ресми түрде хабарлаған жоқ. Украина жағы Зеленский тек Путинмен ғана келіссөз жүргізеді деп мәлімдеді.
АҚШ тарабынан Түркияға Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, сондай-ақ президенттің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог келмек. Келлогтың айтуынша, егер Путин келіссөздерге қатысса, Дональд Трамп та келетін болады.
Оқи отырыңыз: Путиннің Стамбулға баруы, Зеленскиймен қол алысуы екіталай – саясаттанушы