Фото: Ukimet.kz
Кейінгі 3 жылда қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2 есеге азайды. Бұл туралы үкіметтегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомствоаралық комиссия қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде вандализм мен бұзақылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қарады. Жыл басынан бері еліміз бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4%-ға, тонау 14%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 18,5%-ға төмендеген.
Бүгінгі таңда осындай 13,7 мыңға жуық қылмыс ашылды. "Мүлдем төзбеу" қағидатына сәйкес 9,4 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 45%-ға жоғары. "Таза Қазақстан" акциясы аясында 856 стихиялық қоқыс орны анықталды. Бейнекамералар көмегімен 6,5 мың қылмыс пен 435 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Жалпы кейінгі 3 жылда қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2 есеге азайды.
Алайда көшелерде жасалған қылмыстың көбеюі байқалады. Үкімет басшысы бірқатар өңірдің әкімдерін тыңдап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.
"Тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіздік камералары бар жерлерде құқық бұзушылықтар аз. Олар қоғамды тәртіпке үйретеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жаңа технологияларды қолдану жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Енді бұл жұмысты қоғамдық тәртіп саласында да дамыту қажет. Бейнебақылау камераларының желісін кеңейтіп қана қоймай, олардың сапасын күшейте отырып, жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігімен цифрлық интеллектуалдық жүйелерге көшуді жүзеге асыру қажет. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері қоғамдық орындарда, тұрғын үйлердің аулаларында және азаматтар жаппай жиналатын орындарында бейнебақылау камераларының санын көбейту бойынша жұмысты ұйымдастырсын", - деп атап өтті Олжас Бектенов.